Алматыда 51 құрылыс нысаны заңсыз салынған
Алматыда өткен жылдың басынан бері 51 заңсыз құрылыс нысаны толығымен немесе ішінара бұзылды. Олардың қатарында бизнес-орталықтар, мейрамханалар мен автосервистер, «Мечта» және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар. Ғимараттардың дені құрылыс жұмыстары орта шеніне жеткен кезде немесе тіпті аяқталып қалғанда бұзылуда. Бұған не себеп? Құрылысқа рұқсат құжаттары қалай берілген?
Достық даңғылының бойындағы мына ғимарат 2005 жылы салынып басталған. Қала құрылысын бақылау басқармасы өкілінің айтуынша, нысанның жаңа иесі авторлық және техникалық қадағалау болмаса да құрылысты жалғастырған. Бұған қоса аумақта заңсыз сауда нысандарын тұрғызған. Сондықтан Медеу аудандық соты басқарманың талап арызы негізінде ғимаратты бұзу туралы шешім шығарды.
Мамандар құрылыс барысында берілген рұқсат құжаттан ауытқу жиі болатынын айтады. Мысалы, «Мечта» тұрғын үй кешенінің құрылысында бірнеше құқықбұзушылықтар анықталған.
Олжас Төлебаев, қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жоспардан тыс тексеру барысында жобадан ауытқушылықтар анықталды. Мысалы, екі қабаттың орнына үш қабат салу және габариттерінен де үлкен ауытқушылықтар болды. Сонымен қатар аталған жер телімі жеке тұрғын үй құрылысын салуға мақсатты тағайындалуы сондай болатын, алайда жарнамада барлық жерде тұрғын үй кешені болып белгіленді.
Әкімдік өкілдері құқықбұзушылықты құрылыстың бастапқы кезеңінде анықтау мүмкін емес, - дейді. Себебі еліміздегі Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары құрылыс нысандарына кез келген уақытта тексеру жүргізе алмайды.
Олжас Төлебаев, қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі таңда Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы кедергісіз нысанға бару мүмкіндігінен айрылған. Сол себепті бүгінгі таңда барлық тексерістер тек қана ресми шағымдардың негізінде жүргізіледі.
Заңсыз тұрғызылған ғимараттар көп жағдайда құрылыс жұмыстары орта шеніне жеткенде, кейде тіпті аяқталуға жақын қалған кезде бұзылады. Бұл үлкен шығын, әрі қоршаған ортаға да зиян, - дейді құрылыс саласының сарапшылары. Бірнеше мыңдаған тонна құрылыс материалдарын көметін қала маңында полигон да жоқ. Сондықтан қауіпсіздікті сақтай отырып, салынған құрылысты бұзбай, кәдеге жаратса құба құп,- дейді сәулетші Жанна Спунер.
Жанна Спунер, сәулетші:
- Айталық, меншік иесінің рұқсат құжаттары жоқ. Бірақ ғимарат жақсы салынған. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты нысан сапалы салынған деген қорытынды берді. Мұндай жағдайда меншік иесін жауапқа тартып, айыппұл салып, ал ғимаратты әлеуметтік нысан ретінде пайдалану жолдарын неге қарастырмасқа?
Мамандар құқықбұзушылықтар тек құрылыс нысанына қатысты, - дейді. Заңсыз ғимарат бұзылған соң меншік иесі сол учаскеге заң аясында қайтадан құрылыс сала алады.
Айта кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құрылысқа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында өткен жылдың басынан бері 51 заңсыз нысан ішінара немесе толықтай бұзылды. Бұзу жұмыстарына кететін шығынды толықтай меншік иесі төлейді.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев