Жайық өзені үстінен салынған көпірден ақау шықты
Атырауда Жайық өзені үстінен салынған көпірлердің бірінде жарық пайда болды. Ұзындығы 300, ені 10 метр болатын өткел 1995 жылы қолданысқа берілген екен. Тәулігіне екі мыңдай автокөлік қатынайтын көпір соңғы жылдары сыр бере бастаған. Өткел қашан жөнделеді? Ал Ақтөбеде қар үстіне жол төсемі салынып жатқаны рас па?
Қуанышбек Қабдығали, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Ол жерде «дефармационный шовтардда» кейбір жерлерінің арматурасы шығып кеткен. Қазіргі таңда АИС мекемесі тарапынан қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Ешқандай көпірді жапқан жоқпыз. Өзі 4 жолақты жол, соның бір жақ бағыты ашық тұр. Бір жақ бағытын бітіргеннен кейін екінші жағын жасаймыз. Көлік қозғалысына ешқандай шектеу жоқ.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл көпір арқылы тәулігіне екі мыңдай көлік қатынайды. 2023 жылы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұсынысымен өткелге техникалық сараптама жүргізілген. Көне көпірдің негізгі тірек бағандары бүтін. Тек жабындыларының қосылған жерлерінен жарықтар пайда болуына байланысты биыл жеңіл жөндеу жүргізіледі, - дейді мамандар.
Айта кету керек, Атырау қаласы Еуропа мен Азия құрлығын қақ жарып ағатын Жайық өзенінің екі бетіне орналасқан. Сондықтан аталған көпір тек жүк тасымалы үшін ғана емес, өңір халқының ары-бері қатынауы үшін аса маңызды.
Ал Ақтөбеде жаяу жүргіншілер жолына қатысты мәселе туындаған екен.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Ақтөбеде жаяу жүргіншілер жолы қар үстіне төселіп жатыр. Өңірге қылышын сүйреп қыс келгенімен, облыс орталығында жол салу жұмыстары аяқталмаған. Мердігерлер жапалақтап жауған қармен жарыса көшелерге тас төсеп әлек. Түнімен жауған ақ ұлпа тобыққа жеткеніне қарамастан, жұмысшылар ертемен іске кіріскен. Тек түсіру тобын байқап, сәл кідіріп қалды. Қарға төселген тротуардың сапалы боларына тұрғындар сенімсіз.
Сауалнама:
- Сапасы енді көктемде түсетіні белгілі ғой. Екі жұмыс болады көктемде енді.
- Қисынсыз, келіспейтін нәрселерге көзіміз үйреніп кеткен. Сапасы жаман болса да халықтың жауабын, халықтың ойын ешкім елемейді.
- Дұрыс емес менің түсінуім бойынша. Отырып кетеді ол бәрібір.
Жаяу жүргінші жолын төсеуге тапсырыс берген Ақтөбенің Астана аудандық әкімдігі. Биылғы маусымда шамамен 21 мың шаршы метр аумақ қамтылуы тиіс еді. Жылдың алғашқы жартысында 7 жарым мыңы салынса, 14 мың шаршы метрді билік өкілдері кейінге қалдырған. Себебі тамыз айында жарияланған тендердің қорытындысы кеш шыққан.
Мирас Әжібаев, Астана аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Плитканың астына құмның орнына отсев салып жатырмыз. Ол -5,-7 градусқа дейін оңай салынатын зат. Өйткені түзету жұмыстарына да қолданысқа жақсы. Және де ертең көктем мезгілінде ойнап кетпейді. Су тиген кезде ойнап кетпейді. Себебі үсті «тромбовка» жасалған кезде тас болып қатып қалады.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Әкімдік өкілі бұл жұмыстар әлі де жалғасады, - дейді. Шамамен 300-400 шаршы метр жерге жаяу жүргінші жолын төсеу жоспарланған. Салынған тротуар сапасын шенеуніктер алдағы көктемде бақыламақшы. Қар бетіне төселген жол опырылып түссе, мердігер есебінен қайта жөнделуі тиіс. Себебі екі жылдық кепілдік мерзімі бар.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов