Хабар телеарнасы

Жезқазғандағы жаңа ауданда жарық жиі сөнеді

Жезқазғанда жаңадан бой көтерген шағынаудан тұрғындары: «Жарыққа жарымай отырмыз»,– деп арнамызға хабарласты. Күні кеше түгел аудан халқы жарты күн бойы электр қуатынсыз отырған. Жер астымен тартылған электр желісіндегі алған апат 6 сағаттан соң қалпына келтіріліпті. Мұндай жағдай жиі қайталанатын көрінеді. Мәселе қашан шешілмек?

Жаңа аудан жылдам өсіп келеді. Биылдың өзінде бірнеше көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Тұрғындар: «Жарықтың жиі сөнуіне сол құрылыс жұмыстары себеп»,- дейді.

Раушан Тілесова, қала тұрғыны :

-Бұл аумаққа электр желісі жердің астымен тартылған. Сол уақытта оның қауіпсіздігіне тиісті көңіл бөлінбеген. Кабель тартылған аумаққа ешқандай белгі қойылмаған. Соның салдарынан жер қазған сайын апат болып, жарық сөніп қала береді.

Гүлден Диқанбаева, қала тұрғыны:

-Жарық жиі сөнеді. Тоңазытқыш, морозилкамыз бәрі жанып кетіп жатыр. Етіміз, холодильниктегі заттарымыз бұзылып кетеді.

Электр қуатына қатысты мәселені қала әкімінің орынбасары да растап отыр. «Бас жоспарға сай жүріп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталғанша мұндай олқылықтар болып тұрады»,– дейді.

Берік Әбен, қала әкімінің орынбасары:

-Апатты жағдайларда тоқ сөнеді сол кезде ғана шара қолданылады. Негізінде бәрі жоспарлы түрде, уақыты белгіленіп 2-4 сағат аралығында тоқ сөндіру боп тұрады. Әдейі жасалып жатқан нәрсе емес. Мұндай шаруаларға түсіністікпен қарау керек.

Жарық сөнсе, мұндағы тұрғындар ауызсудан да қағылады. Жаңа үйлерді жылумен, сумен қамту тікелей электр қуатына тәуелді. Жоғары қабаттарға су арнайы сорғы арқылы жеткізіледі. Себебі осыған дейін жүргізілген су құбырының ауданды толық қамтуға шамасы жетпейді. Сондықтан биыл Үкімет резервінен 5 млрд теңге қаржы бөлініп, жаңадан инфрақұрылым тартылып жатыр.

Берік Әбен, қала әкімінің орынбасары:

-Батыс тұрғын ауданға жаңадан жылу, су беру және кәзір жүйелері тартылып жатыр. Олардың бәрі осындағы салынатын үйлердің көлеміне және мөлшеріне есептеліп жасалған жүние. Солардың бәрі іске асқанда бұл ауданға су тұрақты беру қалпына келтіріледі.

Қазір шағын болғанымен, болашақта бұл ауданға 88 көпқабатты үй мен 70-ке жуық әлеуметтік нысан салынады. Жер қазған сайын жарықсыз қалатын тұрғындар электр желісі тартылған аумақты зиян келмейтіндей жасап беруді сұрап отыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев