Биыл 15 мың шала туған бала дүниеге келеді
Жыл сайын әлемде 15 миллиондай нәресте шала туады. Салмағының аздығына қарамастан, өмір сүруге талпынатын жұдырықтай ғана бөбектер біздің елде де жетерлік. Биыл осындай 15 мың шақалақ дүниеге келді. 19 қараша - сол өмірге құлшынысы ерекше сәбилердің күні. Ал мұндай нәрестелерге қандай күтім қажет? Олардың дамуында қандай ерекшеліктер бар?
Роза Марксова 2 жыл бұрын егізді болды. Мерзімінен 2 ай ерте туған қыздары алғашқыда алақандай ғана еді. Салмағы 1,5 келі болғандықтан, жас ана оларды қолына алуға да қорқатын. Уақыт өте, қыздары салмақ жинап, ана уайымы басылды.
Роза Марксова, қала тұрғыны:
-Алты айынан кейін өзі жақсы дамып келе жатыр. Қазір уақытында жүрді. Тамақ ішеді, өздері жүреді. Көп шала туған балаларды көрдім. Кеңесім тек қана қорықпаңыздар, жақсылап балаға қарау керек. Баланың массажын уақытында алу керек. Күтім керек. Осы күтімнің арқасында солай уақытында жетіледі деп кеңес бергім келеді.
Ал бұл - қуаныштың көз жасы. Себебі Диана Әбдина үшін жансақтау бөлімінде өткен ауыр күндер артта қалды. Қызы дүниеге келгенде салмағы небәрі 700 грамм болған. Жақсы күтімнің арқасында баласы өсіп, күш жинады.
Диана Әбдина, қала тұрғыны:
-Қызым 45 күн реанимацияда жатты. Ол күндер есіме түссе, жүрегім ауырады. Бүгінде шүкір. Бәрі жақсы. Дәрігерлерге алғысым шексіз!
Елдегі әр оныншы нәресте, айы-күніне жетпей, ерте туады. Ең алдымен оларды дәрігерлер қамқорлыққа алады.
Сақыпжамал Салмұратова, неонатолог:
-Барлық әйел 9 ай көтеремін, қолыма сау баланы аламын деп ойлайды. Ал мына жағдайда алақандай ғана нәресте туған уақытта әйелге ол үлкен қорқыныш, үрей. Сол үшін ол кісілермен стационарда психологтар жұмыс істейді. Біз де әрдайым көмек беруге тырысамыз.
Мұндай сәбилердің өкпесі, жүрегі, ішегі, кейде көру қабілеті дұрыс жетілмей қалу қаупі бар. Иммунитеті де әлсіз. Сондықтан олар жетілгенше тәулік бойы дәрігерлердің қадағалауында болады. «Бір ерекшелігі шала туған сәбилер ерекше жігерлі болады»,– дейді дәрігерлер.
Шұғылажан Атыбарқызы, қалалық перинаталдық орталық директорының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары:
-500-600 грамм сәби ол іште жатқан кезде ем алып жатқан бала сияқты сырт көзге солай көрінгенмен, негізінде ол бала өзінің өмірге деген күресінде өзі де қатысып жатыр. Өзі де сезініп жатыр. Ол өмірге арпалысып жатқан сол кездегі мінез дәл сол кезде куиздің ішінде қалыптасады деп ойлаймыз.
Жөргекте мінезі мен табандылығын көрсететін бұл бөбектерге керегі - ерекше қамқорлық пен ата-ана махаббаты.
Авторлары: Дана Әлиева, Қали Несіпбаев