Хабар телеарнасы

«Қарағанды-Балқаш» жолының құрылысы аяқталуға жақын

«Қарағанды-Балқаш» жолының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қазір ұзындығы 363 шақырым күрежолға толықтай асфальт төселді. Соның 260 шақырымы төртжолақты. Қалған учаскеде қоршауы мен жол белгілері орнатылып жатыр. Өңірде өзге де республикалық, облыстық маңызға ие жолдар жөнделді. 

«Қарағанды-Балқаш» жолының құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жоба. «Орталық-Оңтүстік» транзиттік дәлізі саналатын күрежол көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, ел экономикасының дамуына серпін береді. Қазір Қарағанды мен Ақшатау кентін жалғайтын жол және Бектау Ата елді мекенінен Балқашқа дейінгі 260 шақырым толық тапсырылған. Қалған 103 шақырым жолға қоршаулары, жол белгілері орнатылып жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Думан Қалабиев, «Қазавтожол»ҰК» АҚ ҚОФ директоры:

-«Қарағанды-Балқаш» бойынша жол жабынын жүргізу толық аяқталған. Оның ішінде 18 демалыс орындары бар. Қазіргі кезде мына жол бойындағы қоршауларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Белгілер қойылып жатыр, жол таңбасы жасалады.

Биыл облыстық жолдардың 178 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мысалы, «Осакаров-Молодежный» бағытындағы жолда асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Қарағанды маңындағы қалалар мен бірқатар елді мекен үшін маңызды «Саран-Шахтинск» күрежолын жөндеу келер жылы да жалғасады. «Жұмыс сапасы үнемі назарда»,– дейді мамандар.

Жанасыл Қанатов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

-Мысалы, құрылыс болсын, қайта жаңарту болсын, орташа жөндеу, күрделі болсын, жолдың құрылыс барысында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» бірге келісімшарт жасаған болатынбыз. Жаңағы жол салып жатқан материалдарды зертханалық сараптамадан өткіздік. Сапасын тексерген болатынбыз.

Өңірде Нұра өзені арқылы өтетін «Теміртау-Ғабиден Мұстафин» жолында көпір салынып жатыр. Сондай-ақ «Шерубай-Нұра» өзенінің бойындағы және «Саран-Шахтинск» жолындағы өткелдер жөнделеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар