Алматы облысында өрт сөндіру қызметі үйі өртенген тұрғынға ₸12 млн төлеуі тиіс
Алматы облысында өрт сөндіру қызметі үйі өртенген тұрғынға 12 миллион теңгеге жуық материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Облыстық сот Елтай ауылдық округіне қарасты «Ақсұңқар» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны Хайрулла Қашқынбаевтың үйі өрт сөндірушілердің жауапсыздығынан жанып кеткен деген шешім шығарды. Жәбірленуші сотта төтеншеліктердің әрекетсіздігін дәлелдеп шыққан.
Оқиға былтыр маусым айында болған. Күндіз көше бойында жанған шөпті үй иесі мен әкімдік қызметкері бірлесе сөндірген. Кешкі бестен өте тұрғындар қураған шөптің қайта жанып жатқанын айтып Қарасай аудандық өрт сөндіру бөліміне екінші рет қоңырау шалған. Бірақ олар 4 сағаттан кейін келіпті.
Азамат Жиенбаев, Елтай ауылдық округы әкімдігінің бас маманы:
-Енді кешке келгеннен кейін шынымен де үй жанып кетті. Осы үй жанып кеткеннен кейін жаңағы үйдің иесі сотқа өтініш берді.
Үйінен айырылған Хайрулла Қашқынбаевтың арызы қанағаттандырылды. Осылайша Алматы облыстық соты өрт сөндіру қызметінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, 12 млн теңгеге жуық материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Бірақ өрт сөндірушілер бұл шешіммен келіспейтінін айтады.
Азамат Ержанұлы, Алматы обл. ТЖД өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары:
-Көшедегі қураған шөп өртенгеннен кейін 4 сағаттан соң үйдің жанғаны туралы хабарлама түсті. Барлық өрт сөндіру қызметі жұмылдырылды. 15 техника мен 18 адам қызыл жалынмен күресті. Алматы қаласының горнизоны да келіп көмектесті. Жеке үйдің шатыры өртенген болатын.
Үйдің шатыры өртенгенде ішінде кәмелетке толмаған балалар ұйықтап жатқан екен. Абырой болғанда бәрі құтқарылған. Ал жәбірленушінің адвокаты: «Өрт сөндірушілер күндізгі қоңыраудан кейін оқиға орнына келіп, қызыл жалынның толық өшкеніне көз жеткізуі тиіс еді»,– дейді. Себебі ауыл сыртындағы өрт кешқұрым қайта тұтанған.
Нұржан Қаңтаров, жәбірленушінің адвокаты:
-Азаматтық қорғау туралы заңның және Ішкі істер министрілігінің, ТЖ министрінің бұйрықтарына сәйкес қандай жағдай болмасын өрт сөндірілді деген хабар келгенімен, өрт сөндіру құрылымы келіп заңға сәйкес тексеруге міндетті. Алайда ол кісілер өздерінің міндетін орындамай, оқиға орнына бармай, нәтижесінде осындай материалдық шығын келтірілді.
Бұл шешіммен келіспеген облыстық төтенше жағдайлар департаменті Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріпті.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев