Хабар телеарнасы

Қарағанды облысының әкімі жас кәсіпкерлерге грант бөлмекші

Қарағанды облысының әкімі кәсіпкерлікті дамытуға ниетті жастарға қайтарымсыз грант бөлмекші. Байқауға өтінімдерді қабылдау қараша айының 29-ына дейін жалғасады. Биыл 5 бағытқа басымдық берілген. Ол қандай бағыттар? Қанша грант бөлінеді? 

Гүлшат Әкімжанова – 12 жыл еңбек өтілі бар логопед-дефектолог. Ол бүған дейін балабақшада жұмыс істеген білікті маман. 2023 жылы дамуында тежелу бар балалармен жұмыс істейтін инклюзивтік кабинет ашу жобасын қорғап, облыс әкімінің грантын жеңіп алды. Ол 2 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Ізденіс пен жарнаманың арқасында аз уақытта кәсібін дөңгелетіп әкетті. Қазір күніне 10-ға жуық бала қабылдайды.

Гүлшат Әкімжанова, логопед-дефектолог:

-Инстаграм , группаларға жібердім, туыстарға тараттық, алғашында диагностиканы тегін өткіздім мен. Одан кейін 50% жеңілдікпен өткіздім. Балалар жиі келе бастады. Нәтиже бар. Жіберген балалар да бар, біздің кабинетте түзетуден өткен соң тегін кабинеттер қазір ашылып жатыр ғой, соған барған ата-аналар да бар. Өйткені бұл процесс тоқтамау керек. Тоқтатса бүкіл жасаған жұмысымыз артқа кетеді.

Жастар кәсіпкерлігін қолдау – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда 2005 жылдан бастап өңір жастарына облыс әкімінің гранты дәстүрлі түрде беріліп келеді. Оған ұсынылған жобалар өміршеңдігімен, әлеуметтік маңыздылығымен ерекшеленуі тиіс. Өткен жылы 300 қатысушының ішінен шағын кісіпкерліктің түрлі тетігін тапқан 50 жасқа осындай қайтарымсыз қаржылай қолдау көрстілген.

Ұлан Омаров, Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының маманы :

-Ол қазіргі уақытта өте өзекті болып отырған жасанды интеллект, инклюзия әрине, медицина, білім беру және қызмет көрсету сияқты басқа да кәсіпкерлік бағыттарды. Биыл гранттар 5 түрлі бағыттарда берілетін болады.

Биыл мәдениет, ғылым, ақпараттық технологиялар, медиа және бизнес бағыттары бойынша ерекше жобаларға облыс әкімінің 50 гранты беріледі. Байқауға өтінімдерді қабылдау қараша айының 29-да аяқталады. Жобаға 18 бен 34 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Дәл осындай кәсіпкерлік гранттары облысқа қарасты қала, аудандарда да қарастырылған.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар