Қарағандыдағы резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін зауыт өнім түрлерін көбейтеді
Қарағанды облысында өндірісті диверсификациялаудың арқасында жергілікті кәсіпорындар тұрақты дамып келеді. Ол үшін арнайы экономикалық аймақтарда зауыттардың бәсекеге қабілеттілігі мен даму бағыты айқындалып, түрлі мемлекеттік жеңілдіктер жасалып жатыр. Мәселен, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін зауыт осындай жан-жақты қолдаудың арқасында келер жылдан бастап өндірілетін өнім түрін көбейтеді.
Зауыт арнайы экономикалық аймақта болғандықтан, кедендік және салықтық жеңілдіктер берілген. Осыдан он жылдай бұрын ашылған кәсіпорын қазір дамудың жаңа сатысында. Мұнда негізінен кен байыту фабрикаларына қажетті диірмендерге қапталатын резеңке жабдықтар шығарылады. Онсыз диірмен жұмыс істемейтіндіктен, өнімге елдің түкпір-түкпіріне сұраныс жоғары. Ресейге де экспортталады. Ал келесі жылы Болгарияға жөнелтіледі деп жоспарланған.
Қуандық Қазанғапов, «Polymet solutions corporation» ЖШС Бас директоры:
-Біз қазір резина-металлды путеровка шығарып жатсақ, келер жылдан бастап сталь дейді, яғни темір путеровка шығарайын деп жатырмыз. Соған байланысты жаңағы арнайы экономикалық аймақта 10 гектар жер алдық.
Қазір зауытта 75 адам еңбек етеді. Жаңа цех іске қосылған соң, тағы 150 адам жұмысқа қабылданады. Мұнда оларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жалақыдан тыс сыйақылар, арнайы жұмыс автобусы, тегін түскі ас қарастырылған. Өндірісте де өзгеріс көп. «Кен байыту саласында қазір жаңа диірмендер қолданысқа енгізілуде. Соған сәйкес қажетті резеңке жабдықтарды дер кезінде шығаруға тырысамыз»,– дейді зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Галина Харасова.
Галина Харасова, зауыттың өндіріс жөніндегі директоры:
-Диірмен түрлері өте көп. Олардың әрқайсының өз ерекшелігі, өлшемі бар. Біз қапталатын резеңке металды жабдықтардың саналуан түрлерін шығарамыз. Ол үшін зауытқа қажетті заманауи қондырғыларды да сатып алып жатырмыз. Таяуда Қытайдан нығыздайтын қондырғы әкелінді.
Кәсіпорын «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жалпы ауданы 500 гектардан астам бұл өндірістік алқапта инвесторлар үшін логистикалық, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.
Сондай-ақ жергілікті билік тарапынан жасалған қолдаудың және маркетингтік зерттеудің арқасында өндірісін әртараптандырып, бәсекеге қабілеттілігін арттырып отырады. Мұндай қолайлы бизнес климат кәсіпорындардың аз уақытта дамуына серпін береді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар