Хабар телеарнасы

Ұлытау өңірінде «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясы басталды

Ұлытау өңірінде «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясы басталды. Оған Жезқазған қаласының бес жүзден астам оқушысы мен студенттері қатысты. Жастар өздерінің қойылымдары мен бейнероликтері арқылы нашақорлықтың қоғам дерті болашағымызға қауіп төндіретін індет екенін жеткізді. Акцияны облыстық әкімдік пен прокуратура және Ішкі істер департаменті ұйымдастырған. 

Есірткінің адам ағзасына тигізетін зиянды әсері қандай? Оны таратқандар мен әлімжеттікке жол бергендерге қандай жаза қарастырылған? Бұл акция аясында талқыланған негізгі тақырыптар. Нашақорлықтың қармағына бір ілінген жан торға түскен балықтай қанша бұлқынғанмен, одан құтылуы екіталай. Сондықтан әкімдік құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:

-Бұл бағытта әкімдік нақты қадамдар жасап келеді. Жастар арасында спорт пен мәдениетті насихаттау күшейді. Біз берлесе отырып, есірткісіз болашақ құруға атсалысуымыз қажет. Әрбір адам осы мәселеге бей-жай қарамай, қолдау көрсетуі керек.

Өңірде кибербақылау арқылы тоқсаннан астам есірткі сайты бұғатталған және зиянды заттардың жарнамасын жою жұмыстары қолға алынды. Жалпы жыл басынан бері облыста есірткінің заңсыз айналымына қатысты 27 іс тіркелді. Оған жастардың да қатысы бары анықталған.

Жасұлан Еламанов, Ұлытау облысының прокуроры:

-Балалар телефон, велосипед алғысы келеді, соған қызығып, жеңіл ақшаның жолын қуалайды. Ұлытау облысының өңірінде бір лаборатория ұсталды. Қазіргі сәтте мына телеграм канал арқылы интернет магазин дейміз, наркотик сататын, сондайдың организаторлардың үшеуі ұсталды. 

Мектеп оқушылары мен студенттер есірткінің зиянды әсерін замандастырының санасына сіңіру үшін түрлі қойылымдар ұйымдастырып, бейнероликтер түсірген. Акция аясында үздік бейнебаян анықталып, авторына ақшалай сыйлық және сертификат табыс етілді. Игі бастама облыстың өзге де қалалары мен аудандарында жалғасады.

Авторлары: ГҚ, Елизавета Шалина, Нұрдаулет Аманкешов