Хабар телеарнасы

Ваучер жыры біте ме?

Ертең балалардың спорттық секциялар мен үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беретін «Даму бала» платформасы ашылады. Қазірдің өзінде тек спорт секциясы бойынша 40 мың бала кезекте тұр. «Ақпараттық жүйе тағы істен шығып қалуы ғажап емес. Себебі мемлекет тарапынан тегін үйірлемелер мен спорттық алаңдарға барғысы келетін бала көп. Бірақ қаржы жеткіліксіз»,– дейді мамандар. Ал депутаттар болса, бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланып жатқанын айтып қынжылады. 

Мұқашева Әсел көпбалалы ана. Оның бір баласы суда жүзуді үйренгісі келсе, бірі боксты ұнатады. Қызы мың бұралып билегісі келеді. Бірақ, әрқайсысының арманын орындауды қалта көтермейді.

Әсел Мұқашева, көпбалалы ана:

-Балаларымды сабақтан тыс үйірмелерге бергім келген. Былтыр да көрдім тіркеуге. Бірақ қиындық соқты. Біз тіркелетін кезде жаңағы программа қатып қалып жатты. Ал енді кірген кезде ваучерлар таусылып қалып жатты. Енді биыл да міне жақында әрең тіркелгендей болдық. Енді міне күтіп отырмыз.

Еркебұлан Сәбиханов, ҚР Туризм және спорт министрлігі бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы:

-Ваучер таратылатын кезегі ашылған кезде автоматты түрде ақпараттық жүйемен таратылады ваучер. Ал енді бізде кезекке тұру мәселесі бізде. Қазіргі таңда әлі де 40 мыңнан астам бала кезекте тұр.

Төрт жыл бұрын бұқаралық спортты дамыту үшін «Арт-спорт» бағдарламасы іске қосылды. Бірақ оның айналасында дау-дамай көп болды. Осыдан кейін әр өңір өз бағдарламасын жүзеге асырды. «Алайда кемшілік тұсы әлі де көп»,– дейді депутаттар. Мысалы, Алматыда 52 секция мен үйірменің жұмысы тексерілген. Тек жартысы ғана талапқа сай болған.

Сергей Пономарёв, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Алматыда балалар бюджет есебінен лас бассейінде жаттығып келген. Ал сол ғимаратта тәулік бойы сауна, бильярд және техникалық жөндеу орталығы жұмыс істейді. Спорттық гимнастика үйірмесі де төбесі аласа жертөледе орналасқан. 100-ге жуық бала дайындалатын вокал және домбыра сабақтары суы мен дәретханасы, желдеткіші жоқ кабинеттерде өткен.

Көпке топырақ шашуға болмас. «Адал еңбек етіп жүргендер де аз емес»,– дейді футбол клубының жетекшісі Қуат Ерғалиев. Оның академиясында 300 бала жаттығады. Мемлекет бір балаға 25 мың теңге бөледі.

Қуат Ерғалиев, балалар футбол командасының жетекшісі: 

-Ең бірінші мәселе - ол қаржы бөлу. Осы балаларға қаржы жетпейді. Өйткені былтыр Қазақстан бойынша 97 млрд бөлінді, биыл 83 млрд бөлініп жатыр. Азайып жатыр. Біз енді әкімшіліктен сұрап жатырмыз, бүгін барамыз. Қаржыны келесі жылға көбейтсін. 20 -30% көбейтсін деп сұраймыз. Былтыр осы жылға Астанада 14 млрд береміз деп айтқан. Бірақ биыл Астанаға 14 млрд емес, 13 млрд бөлінді. Біз енді оған 15-17 млрд сұрап барамыз енді.

Бір ғана спорт секциясының өзіне жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша мемлекеттік тапсырысқа жергілікті атқарушы органдар 47 млрд теңге бөлген. Демек 64 спорт түрі бойынша 250 мыңнан астам бала секцияларға тегін қатысып жүр.

Еркебұлан Сәбиханов, ҚР Туризм және спорт министрлігі бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы:

-Бізде қазір үш түрлі бағдарлама бар. «Арт-спорт» ақпараттық жүйе, «Даму бала» ақпараттық жүйесі, «Дара бала». Бұл үш ақпараттық жүйе жекеменшік болғандықтан, әрқайсысының өзінің базасы бар. Яғни мен арт-спортпен тіркеліп ваучер алдым да, даму бала сайтында тіркеліп, ол жақтан шығармашылық бойынша ваучер алдым. Көрдіңіз бе? Сол кезде бір бала екі мемлекеттік қаржыландыруды бір бала ұстап отыр.

Осындай себептер болмас үшін, үшеуін біріктіріп, біз республикалық деректер базасын құрастырып жатырмыз.

Алдағы уақытта ваучер өнім берушілерге емес, балаға берілмек. Бірақ бұл әзірге пилоттық жоба.

Авторлары: Алуа Маханбет, Роза Сатқанова