Астанада тұрғындарды мекенжай бойынша тіркеу тәртібі өзгереді
35 шаршы метрге 625 адам тіркелген. Мұндай дерек елордада анықталды. Енді «резеңке пәтерлер» жойылатын болады. Астанада адамдарды тұрғылықты және уақытша мекенжай бойынша тіркеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Егер ол қабылданса, онда бұдан былай бір үйге жүздеген азаматты есепке қою мүмкін болмайды. Мұндай талап республикалық маңыздағы өзге де қалаларда қолданылмақ. «Бұл тіркеу тәртібін ретке келтіріп, ірі шаһарлардың даму жоспарын нақты түзу үшін қажет», - дейді мамандар.
Жыл басынан бері Астанада ондаған азамат тіркелген 35 пәтер анықталған. Осы заңсыздығы үшін олардың иелеріне салынған айыппұл көлемі миллион теңгеден асады. Ал 35 шаршы метрлік баспанасына 625 адамды тіркеген елордалық тұрғынға қатысты қазір қылмыстық іс жүріп жатыр.
Қанай Жұмабеков, қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
-Шамамен бір пәтерде 20-дан асса, біз «резеңке пәтер» деп есептейміз. 100-ге дейін жетеді бір пәтерлерде. Олардың бәрін біз әкімшілік жауапкершілікке тарттық, меншік иелерін және де олар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып немесе өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы өзінің мекенжайынан тіркеуден шығардық. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 8 резеңке пәтерлер қалды. Оларда 623 адамдай тіркеліп тұр. Қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында. 2025-те өзгерістер болатын шығар.
Көп адамның бір үйде тіркелу деректері үлкен қалаларда жиі анықтала бастаған. Себебі түсінікті де. Жұмыс пен табыс көзін іздеген тұрғындар ірі шаһарларға ағылады. Әрі қолданыстағы заңда бір пәтерге нақты қанша адамды тіркеуге болатыны реттелмеген. Сондықтан бұл ретте тәртіпті қамтамасыз ету үшін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілмекші.
Төлеген Қуанышев, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Астана қаласы, Алматы, Шымкент қалаларына ауылдық жерден көшіп келіп жатқан азаматтар бар. Енді біздің заңымыз бойынша олар келгеннен кейін құзырлы органдарға барып тіркелуге тиісті. Себебі қала болғаннан кейін әлеуметтік тіршілікте бір есеп-қисап болу керек қой. Автокөлік, балабақша, мектеп, емхана, солардың есептері соқпайтындай жағдайға әкеп соқтығыстырып жатады. Біздер енді келме деп жатқан жоқпыз ғой. Бірақ заңды орындау әрбір азаматтың парызы.
Мамандардың айтуынша, азаматтарды тұрғылықты және уақытша мекенжай бойынша тіркеу мәселесін ретке келтіріп, нақты ұсыныстар дайындау үшін бірнеше министрлік өкілдері ат салысатын болады. Тіпті болашақта тиісті ережені бекіту мәслихаттардың да қарауына берілуі мүмкін дейді. Астана қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешов мұндай жаңашылдық бола қалса, әріптестерімен бірге талқылауға дайын. Себебі елордада азаматтарды тіркеу мәселесін бірізділікке түсіру қажет деп санайды.
Нұрлан Өтешов, Астана қалалық мәслихатының депутаты:
-Кейбір 50 шаршы метрлік пәтерге жүздеген адамдар жазылып жатады. Ол бәрі де есеп қой. Оны да біз мына дұрыс жолына салу қажетпіз. Оны ең біріншіден жергілікті билік өз жағдайына қарап, өз стандарттарына қарай жатып, сондайын қабылдау қажет.
Азаматтарды тұрғылықты және уақытша мекенжай бойынша тіркеуге қатысты заңнама әлі талқылану үстінде. Нақты қандай өзгерістер болатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Бір анығы, үйге тіркелген әр адамға нақты аумақ белгіленеді. Бірақ ол норма отбасы мүшелеріне қолданылмайды. Ал пәтерде тұрмайтын азаматтарды тіркеуден шығармағаны үшін үй иесіне салынатын айыппұл 2 есеге өспекші. Қазір оның көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбаев