Ауызсудың тарифі екі есеге дейін көтеріледі
Ауызсудың тарифі екі есеге дейін көтеріледі. Шошымаңыз, бұл барлық адамға қатысты емес. Бұл ереже суды бекітілген көлемнен артық тұтынатындарға қатысты. Зерттеулерге қарағанда елімізде әр екінші адам осы топқа жатады. Ішуді айтып тұрған жоқпыз. Күнделікті жуынып-шайынуы, тағы басқа қажеттілігін өтеу үшін ысырапшылдық жасайды. Енді сол тірішілік нәрін шамадан тыс пайдаланғандар судың ақысын да өзгелерге қарағанда артығымен төлейтін болады. Мәселен, бұл норма Астанада бірінші қаңтардан бастап күшіне енеді. Ол қалай есептеледі, азаматтар нені ескеруі тиіс?
Су бергеннің сауабы бар. Су төккеннің жауабы бар. Бұл мақал дәл қазір тіптен өзекті бола түскендей. Себебін түсіндірейін. Мемлекеттік есеп бойынша бір адамның қолдануы үшін айына 3 текше метр су жеткілікті. Бұл 3 мың литр. Халқымыздың 50% осы межеден аспайды. Қалған жартысы үшін бұл жеткіліксіз сияқты. Дұрысын айтқанда сауатты қолданбай ысырап жасауда. Баға негізінен осы топтағы адамдар үшін қымбаттайды.
Бауыржан Құдайбергенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- 3 кубтан 5 кубқа дейін дейін тұтыну. Бұл жерде тарифтер 20% дейін көтерілетін болады. Бұл санатқа халықтың 20% кіретін болады. 5 кубтан 10 кубқа дейін бұл жерде қолданыстағы тарифтар 50% дейін жоғарылайтын болады. Бұл санатқа да халықтың 20% кіреді. Төртінші топқа 10 кубтан жоғары тұтыну мәселесі бұл санатқа халықтың 10% кіреді. Бұл санатқа тарифтер екі есеге жоғарылайтын болады.
Мұны сараланған тариф дейді. Астанада ол 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан қанша су ағызатыныңызды бақылауға алғаныңыз жөн. Өйткені төлем мөлшері соған тікелей байланысты болады.
Тимур Бабанаев, «Астана Су арнасы» МКК өнім өткізу қызметінің басшысы:
-Артық қолданған әр облыста өзінің бекітілген тарифі бар. Мысалы, үш адам тұратын үйде 15 куб пайдаланған болса, қазіргі тарифке сай 1300 теңге төлеп жатқан болса, ол үш кубтан артық қолданғандықтан 1407 теңге төлейді. Айырмашылық 107 теңге.
Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елімізде су тапшылығы өте күрделі мәселе. Оның үстіне еліміз суды тиімсіз тұтынатын мемлекеттер қатарында. Жан басына шаққанда жұмсалатын судың мөлшері 3,5 мың литр деп көрсетілген. Бұл тым көп. Су тапшылығы үлкен проблемаға айналмас үшін ысырапшылдыққа жол бермеуіміз керек.
Үнемшілдік дұрыс. Егер ысырапшылдық тоқтамаса сумен қамтушы мекемелге қосымша ақша түседі. Ол қаржы қайда жаратылады?
Тимур Бабанаев, «Астана Су арнасы» МКК өнім өткізу қызметінің басшысы:
- Осыдан пайда болған табысты инвестицияға жұмсау. Ол құбырларды жөндеу және қосымша техника алуға. Басқа заттарға пайдалануға болмайды.
Азаматтар ескеретін тағы бір жайт бар. Пәтеріңізде қанша адам тұрады соны су арнасына хабарлағаныңыз абзал. Сонда қалтаңыз орынсыз қағылмайды.
Тимур Бабанаев, «Астана Су арнасы» МКК өнім өткізу қызметінің басшысы:
- Көбіне келісімшартқа отырған кезде бір адам дей салады. Ол 3 адам ба, 5 адам тұрып жатыр ма... Дифтариф деген адам басына есептелетін нәрсе ғой. Онда 20 куб оданда көп болса, оған әрине қымбаттау болады. Сондықтан айтатынымыз адам санын тіркеу керек.
Қорыта айтқанда, үнемшіл болсаңыз сіз алаңдайтын негіз жоқ. Жаңа тарифке сай сұрау тек су төккендерден болады.
Айтпақшы суға сараланған тарифті енгізу тек Астанамен шектелмейді. Биылдың өзінде Алматы, Шымкент, Көкшетау сияқты жеті қалада қолданысқа енгізіліпті. Келесі қала сіздікі болуы мүмкін. Қазір ауызсуды үнемдеу Қазақстан бойынша өзекті.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қали Несіпбаев,