Хабар телеарнасы

Қызылордадағы кардиологиялық орталық мамандары жаңа технологияны игеріп жатыр

Қызылордадағы кардиологиялық орталық мамандары жаңа технологияны игеріп жатыр. Соңғы екі жылда заманауи медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Нәтижесінде күрделі операциялардың саны артып, дәрігерлер жүздеген науқасты құтқарып қалды. 

Қали Ермаханов өзін бақытты жан санайды. 59 жастағы Қызылорда тұрғынының жүрегі ұстап, 6 сағат ота жасалған. Заманауи технологиялардың арқасында кардиологиялық орталық дәрігерлері науқасты аман алып қалды.

Қали Ермаханов, қала тұрғыны:

-Жедел жәрдеммен осы жерге алып келді. Сол қабылдау бөліміндегілер бірден стенограмма түсіріп, «сізге жату керек, сіз қиын жағдайда тұрсыз»,–деді. Сол еш жерге бармай өзіміздің Қызылордада жасайық деп шештім. Қазір оған ризамын. 8 күннің ішінде өз аяғыммен тұрып, өзім жүріп, баспалдақпен көтеріліп, өте жақсы қалыптамын.

Күретамырға стент орнату, жүрек қағысы ырғағын қалыпқа келтіретін құрылғы бекіту сияқты күрделі оталар 2000 жылға дейін елімізде тек Сызғанов атындағы институтта жасалып келген. Шұғыл емге мұқтаж 15 мың науқастың тек 700-і қамтылды. Соңғы 15 жыл ішінде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын ем-домды Қызылордадағы кардиологиялық орталық мамандары да игерген.

Жасұлан Баймаханов, облыстық аурухананың директоры:

-Жылына біз 4 мыңға таман науқасқа көмек көрсетеміз. Оның ішінде 3000 коронография жасалады. Қазір қарасақ, жылына 400-ге таман жүрек-қан тамырларына операция жасалады. Қазақстанда жасалып жатқан барлық операцияны өзіміз жасаймыз.

Бүгінгі таңда елімізде жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан 2 млн-ға жуық науқас бар. Ол экономикалық белсенді тұрғындардың 12 пайызы. Статистикаға сәйкес тек Қызылорда облысының өзінде жылына 700-ге жуық адам аталған ауру түрлерінен бақилық болады. Бас дәрігердің айтуынша, бұл көрсеткішті азайтуға мемлекеттік бағдарлама сеп болған.

Олжас Ысқақов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

-Облыстық көпбейінді ауруханасында ангиограф аппараты арқылы коронография, стенд қоб, күрделі жүректің ашық оталары жасалу мәселесі пысықтала, батыс өңірлерімізге арнайы ангиограф қондырғысы бар. Сол қондырғымен пациенттерге тиісті оталар жасалды.

Қазір елімізде 26 кардио-орталық жұмыс істейді. Заманауи технологиялардың көмегімен жасалатын күрделі ота саны да артқан. Білікті мамандар мыңдаған жанның дертіне дауа тапты.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Райхан Тажибаева, Нуржан Музарапшин, Айтмухамбет Байдулдаев