Ақмола облысында құны ₸460 млрд-тан асатын инвестициялық жобалар іске асырылады
Ақмола облысында құны 460 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Одан бөлек, облыс орталығында бұршақ және дәнді дақылдарды қайта өңдеу кешені пайда болды. Бұл туралы бүгінгі брифингте облыс әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Жақын арада Зеренді ауданында құс фабрикасы, Астрахан ауданында диірмен комбинаты, Аршалы ауданында кірпіш зауыты, Целиноград ауданында алюминий прокаттарын өндіру зауыты бой көтермек. Биыл өңір дихандары 6,6 млн тонна астық жинап, облыстың қамбасы қызыл дәнге толған. Сондай-ақ келер жылы Ақмола облысындағы 68 мың адам тұратын 6 елді мекен газбен қамтамасыз етілмек. Жылыту маусымындағы дайындыққа 40 млрд теңге бөлініп те қойды.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
-Биыл облыста 530 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Яғни 5 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып отыр. Соның ішінде, бюджет есебінен 9 көппәтерлі тұрғын үй іске қосылды. Жылдың аяғына дейін тағы да 16 үй іске қосылатын болады.