2025 жылдан бастап емханаларда Face ID жүйесі іске қосылады
Енді дәрігердің қабылдауына кіретін әрбір азамат жеке бас дерегін осылай растаса болады. Бұл жалған медициналық жазбалармен күресіп, науқастың қабылдауға келгенін тіркеу үшін қажет. Ал қазіргі ахуал қалай?
Қарағандылық Алтын Шыңғысқызы емхана көрсеткен қызметті түсінбей дал. Алмаған екпені салды, - деп хабарлама келгенде, төбемнен жай түскендей болды, - дейді. Себебі ол бұл күні емханаға бармаған.
Алтын Шыңғысқызы, қала тұрғыны:
- Дифтериядан укол алдым деп хабарлама келді. Мен негізі таңғалып тұрмын, себебі дифтериядан уколды 10 жыл бұрын мектепте қабылдағанмын.
Биыл ел бойынша медициналық мекемелерде осындай 23 мыңнан астам жалған жазба анықталды. Қазақстандықтар дәрігердің қабылдауында болмаса да, бюдежетке 208 млн теңге шығын келді.
- Дана Әлиева, тілші:
- Мәселемен күресу үшін астаналық емханаларда Face ID жүйесі енгізіле бастады. Енді дәрігердің қабылдауына кірген әрбір азамат осындай камералар арқылы тіркеуден өтуі тиіс. Жүйе науқастың суретін Әділет министрлігі базасымен сәйкестендіргеннен кейін ғана оған медициналық қызмет көрсетіледі. Осылайша жалған медициналық жазбалардың жолы кесіледі, - дейді мамандар.
Бүгінде 63 медициналық мекеме пилоттық жобаны қолдаған. Бірақ кейбір науқастар жаңашылдықты бірден қабылдай қойған жоқ. Олар бейнекамералар бейне мен дыбысты да жазады деп қорықты. Алайда ақхалаттылар ешқандай жазба жүргізілмейтінін айтады.
Жансая Қалилаева, республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының профилактикалық бөлім меңгерушісі:
- 100% қауіпсіздік бар. Бейнежазба жүргізілмейді. Біз тек қана цифрлық суретке түсіреміз бір рет. Ол сақталмайды. Ол егов базасындағы куәлікпен салыстырмалы түрде өтеді де, автоматты түрде қабылданады. Бұл мүлдем сақталмайды. Науқасқа түсіндіреміз, көрсетеміз. Әуел баста көрсетіп жүрдік. Қазір үйренісіп кетті. Ондай сұрақтар жоқ.
Егер науқас суретке түсуден бас тартса, жеке бас дерегін растау үшін басқа да тәсілдер бар.
Жансая Қалилаева, Астанада алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының профилактикалық бөлім меңгерушісі:
- eGov mobile қосымшасына немесе каспий қосымшасына кіріп, 6 таңбалы код бар, соны айтады.
Ал көрсетілген қызметтің расталмаған жағдайларын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тыңғылықты зерттейді.
Әсел Бектұрғанова, ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- Бүгінгі таңда 1414 бірыңғай байланыс орталығы және қолдау мобильдік қосымшасы бар. Сол арқылы науқастар өзінің шағымын қалдыра алады. Яғни одан кейін әлеуметтік сақтандыру қоры жоспардан тыс мониторинг жүргізіп, ұсынылған қызмет соммасына 300 пайыздық экономикалық ықпал ету шараларын қолданады.
Мамандардың сөзінше, жаңа жүйе медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады. Ал ең бастысы – жалған жазбалардың алдын алып, бюджеттік қаржыны үнемдейді. Сондықтан келер жылы оны барлық аймақта іске қосу жоспарланып отыр.
Дана Әлиева, Самат Сүлейманов, Болотбек Табалдиев