Жыл қорытындысы қазақстандықтардың көзімен: әлеуметтану зерттеулерінің нәтижесі
Қазақстандықтардың басым бөлігі биылғы жыл табысты болды деп санайды. Бұл өңірлерде жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде анықталды. Оған 9 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл туралы Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында өткен брифингте айтылды.
Іс-шара жыл қортындысы мен азаматтардың Мемлекет басшысына деген сенім деңгейіне және елдің даму бағытын қолдауға арналған әлеуметтанулық зерттеу жұмысына арналды. Нәтижесінде көпшілік өз елін азаматтық бірегейлік негізде біртұтас ұлт ретінде қабылдайтыны анықталған. Ал халықтың басты құндылықтарының ішінде бірінші орында отбасы, одан кейін жұмысы, достары және бос уақыт маңызды.
Ал зерттеу қазақстандықтардың Президентке деген сенім деңгейі 80,5%-ды көрсеткен. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың 77,7%-ы елдің саяси даму бағытын қолдаған. Ал азаматтардың 66,2%-ы өтіп бара жатқан жылды жақсы көңіл күймен аяқтайтынын айтыпты.
Салтанат Ермаханова, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:
- Біз жыл бойына әртүрлі деңгейде әлеуметтік зерттеулер өткізіп отырамыз. Біздің аймақтық мониторинг деген зеттеуіміз бар. Оның аясында біз 8 мың респонденттерді сұрап, қоғамдық көңіл күйлерді зерттеп отырамыз. Одан да бөлек, біз нақты бір тақырыпқа қатысты сауалнамалар жүргізіп отырамыз. Оның аясында біз 1 200 респондентті қамтимыз. Қазақстандықтардың көңіл күйі жақсы, биылғы жыл негізінен сәтті өткенін айтады.