Қазақстанның демографиялық ахуалы қандай күйде?
Астана қаласы тұрғындарының саны бір жылда 94 мыңға өскен. Ал еліміз бойынша халық саны 251 мың адамға артқан. Яғни Қазақстанда қазір 20 млн 244 мың адам өмір сүріп жатыр. Еліміздегі демографиялық ахуал қандай? Жастар көп пе, әлде зейнеткерлер артып келеді ме?
Бала шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, елімізге бір батыр не бір ару қосылды деп қуанамыз. Бірақ олар туу туралы құжатын алып, белгілі бір мекенжайға тіркелгеннен кейін ғана халық санатына қосылады.
Соңғы деректерге сай, еліміздегі халық саны 20 243 981 адам болды. Оның ішінде ерлер саны 9 890 742 болса, әйелдер сәл көбірек, 10 353 239. Ал халықтың жалпы өсімі бір жылда 251 692 адамға көбейген. Демографиялық процесстердің экономикаға әсері зор. Мемлекет бұрындары халық санымен мақтанатын болса, қазір еңбек күштерін есептейді. Бұл жағынан бізде әзір қорқыныш жоқ. Соңғы деректер бойынша елімізде 52,2 адам еңбек жасында. Ал кәмелетке толмағандар саны 34,2%, 60 жастан асқандардың саны 13,6%. Демек әр шаңырақтың төрінде қазыналы қария отыр.
Шынар Төлешова, демограф:
-Біз жас мемлекетпіз. Жас құрылымы жағынан. Әрине қарт адамдар саны артады. Арта береді де. Өйткені халықтың өмір сүру жас ұзақтығы өсіп жатыр. Бізде туу да жақсы деңгейде болғаннан кейін, болашақта біздің еңбек күшіміз де жақсы деңгейде болады.
Ерлан Көпес, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:
-Туу көрсеткіші бойынша 2024 жылғы 10 айдың ішінде елімізде 309 мың бала дүниеге келді. Туу деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Түркістан облысында 1 мың адамға шаққан кезде 25 коэффицентке тең, одан кейінгі орында Маңғыстау облысы 24 , келесі Шымкент қаласы 23 коэффицент. Ал туу деңгейі ең төмен аймақтар - Солтүстік Қазақстан.
Міне сондықтан еліміздің солтүстігі - былайша айтқанда, қартайып бара жатыр екен.
Шынар Төлешова, демограф:
-Көшкен кезде кім мобильді көбірек? Бұл еңбек жасындағы адамдар әрине. Олар сыртқа көшуге бейім болады. Көшіп кетеді. Ал қалып қоятыны - көбінесе қарт адамдар. Сондықтан оларда қарт адамдардың үлесі жоғары, ал еңбек жасындағы адамдардың үлесі төмендеу.
Ал білім алып, қызмет етемін дегендердің дені Астана мен Алматыға көшіп жатыр.
Ерлан Көпес, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:
-Халық саны өте қарқынды өсіп жатқан аймақтардың ішінде елордамыз Астана қаласы көш бастап тұр. 2024 жылғы 1 қарашадағы халық саны бойынша 1 млн 511 мың адамды құрады. Дәл осы кезеңмен, яғни былтырғы кезеңмен 1 қарашадағы халық санымен салыстыратын болсақ, халық саны 94 мың адамға өскен.
Отау құрып, шаңырақ көтеруді кеш ойлайтындар да ірі қаланың жастары. Қызметтегі қыздар 26 жастан кейін ғана ақ көйлек кигісі келсе, жігіттер жағы отбасылық жауапкершілікті 28 жасынан кейін ғана алғысы келеді екен. «Мұнда ел көрсеткішін жақсартып отырғандар - Оңтүстік және Маңғыстау облысының тұрғындары»,– дейді ғалымдар.
Авторлары: Алуа Маханбет, Бауыржан Ебелеков