Хабар телеарнасы

2025 жылы әуе кемелері паркі 18 ұшақпен толықтырылады

Қазақстан екі әуежайын вьетнамдық компанияға сенімгерлік басқаруға беруі мүмкін. Бұл туралы бүгін форумда Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтты. Екі ел арасындағы келісім нақтыланса, вьетнамдық Sovico Group Qazaq Air әуе компаниясын сатып алып, 20-дан астам ұшақпен Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бұл компания Түркістан мен Қызылорда әуежайларын сенімгерлік басқаруға алуды сұраған. Одан бөлек, биыл халықаралық әуе желісі 22 бағыт бойынша кеңейтілді. Ал келер жылы әуе кемелері паркі 18 ұшақпен толықтырылады. Шанхай, Рим, Будапешт, Рига, Вена және Мюнхен қалалары мен Марокко бағытында әуе рейстері ашылмақ. Жауапты министрліктің мәлімдеуінше, алдағы төрт жылда авиациялық хабтарды дамыту есебінен әуе жүктерін өңдеу көлемі екі есеге ұлғаяды. Яғни 150 мыңнан 300 мың тоннаға дейін өседі.

Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:

-Әлемдік тәжірибесі бар компания. Ол 5, 10, 15 жылға арналған жоспарларын ұсынады. Біз өз стратегиямызды соның негізінде құрамыз. Алматы әуежайын сенімгерлік басқаруға беру кезінде қателіктер жіберілгенін мойындаймыз. Олар түзетілді. Жаңа серіктеспен келісім жасағанда, осы кемшіліктердің қайталанбауын ескереміз.