Түркістан облысы ауызсуға жарымай отыр
Миллиондап ақша бөлсе де, ауызсуға жарымады. Түркістан облысы Келес ауданындағы екі бірдей елді мекеннің халқы қара суға зәру болып отыр. Төрт жыл бұрын Ақжол мен Қауыншы ауылдарын таза сумен қамтуға 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда бұл қаражаттан да қайран болмай тұр. Құрылыстың аяқталып, судың берілетін түрі жоқ. Күнделікті ішіп жүрген арықтағы су да тоқтап қалған.
Ақжол мен Қауыншы елді мекенінің тұрғындары осы Ашынау каналындағы суды жылдар бойы тұтынып келеді. Алайда соңғы бір айдан бері арықта су жоқ. Өзбекстан жағында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның салдарынан жеті мыңнан аса халық тіршілік нәрінсіз қалды. Ақжол ауылының тұрғыны Әлішер Молдабабаев қолдан қазып алған құдығына 14 тонна су құйдырды. Оны көршісімен бірге тұтынады.
Әлішер Молдабабаев, Ақжол ауылының тұрғыны:
-Құдыққа 20 мың теңгеден су құйдырамыз. Ол маған бір айға жетпейді. Оны екі үй қолданамыз. Оның бес бала-шағасы бар. Менің үш бала-шағам бар. Кір жууға суды әрең істетіп жатырмыз. Ішуге суды зорға тауып жатырмыз.
Ауылда қармен күнелтіп отырған тұрмысы төмен отбасылар жетерлік. Себебі жергілікті халықтың басым бөлігі маусым кезінде жалданып жұмыс істейді. Ал қазір халық екі қолға бір күрек таппай отыр.
Жанат Нәленова, Ақжол ауылының тұрғыны:
-Сатып алуға ақша жоқ, міне, балаларымның барлығы ауырып жатыр. Дәріханадан бәрін қарызға жаздырып келе жатырмыз. Еш жерде жұмыс жоқ. Міне күн суықта үйде отырмыз. Қарыз деген жазылып жатыр.
Нұржан Шүленбаев, Ақжол ауылының тұрғыны:
-Анау жерде де қазылды, бір труба жатыр. Оны да ішіп жатыр деп қол қойған шығар үлкендер. Ол су да жоқ. Кешегі қазылған суымыз, ол да жоқ әлі. Ертең, арғы күні, міне болады, әне болады. Енді әрбір нәрсенің шегі болады ғой.
Ауылға су тартуға төрт жыл бұрын жоба жасалып, бюджеттен 894 млн теңге бөлінген еді. Десе де екі бірдей ауыл халқы әлі күнге тіршілік нәріне зәру. Аудан әкімі өткен аптада ұйымдастырылған брифингте су беріледі деп уәде еткен.
Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі:
-Келес өзенінің жағасынан 3,5 шақырым жерден су шықты. Осы 15 желтоқсанға дейін фильтрін алып келеді де, Ақжол мен Қауыншыға су беріледі.
Бүгін желтоқсанның жиырмасы, жұрт әлі сусыз отыр. Сала мамандары болса белгіленген жер астынан да, Келес өзенінің жағасынан да су шықпады деп шындығын айтты.
Алмас Абдуллаев, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Берілген скважинаның орнынан екі рет қазылды. Одан да бөлек су екі рет қазылды. Келес өзенінің бойынан да қазылды. Бірақ ол жерден де қажетті су көлемі анықталған жоқ.
Ал су жоқ жерді қазуға бөлінген қаражаттың сұрауы бола ма, жоқ па ол жағын ашып айтпады. Белгілісі, Өзбекстан арқылы келетін Ашынау каналының суы халықты тіршілік нәрімен қамтуға негіз болмақ. Ол үшін арнайы жоба жасалады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш