Хабар телеарнасы

Биыл жылу-электр энергетикасын дамытуға ₸58,3 млрд бөлінді

Жалпы биыл жылу-электр энергетикасын дамытуға баса мән беріліп келеді. Бұл саладағы 14 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 58,3 млрд теңге бөлінді. Оның алтауы жылумен қамтамасыз ету, ал сегізі электр жабдықтау бойынша іске асып жатыр. Жобалардың бірі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Ол - Оралдағы «Ақжайық» қосалқы стансасы. Сонымен қатар қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарға жабдықтарын жаңғыртып, кеңейтуге және реконструкциялауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 2,8 гигават болатын 22 инвестициялық келісім бар, оның ішінде лимит ұлғайғаннан кейін жалпы қуаты 1,36 гигаваттық 13 келісім жасалды.