Баспанасы жоқ кез келген азамат үй кезегіне тұра алады
Биылдан бастап еліміздегі кез келген азамат үй кезегіне тұра алады. Яғни ешбір санатқа кірмейтін азаматтардың да тұрғын үй алуға мүмкіндігі болады. Ол үшін соңғы бес жылдықта жеке баспанасы болмауы шарт.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі Заңға қол қойған болатын. Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Кезекте тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жалғасады. Бұл туралы Мемлекет басшысы сұхбатында айтты.
2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адам осындай баспанаға ие болады деп жоспарланған. «Отбасы банкі» баспанаға мұқтаж адамдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тізімге алумен және оларға баспана бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады. Бұған дейін кезекті жергілікті әкімдіктер жүргізсе, енді бұл «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асады.
Айта кетейік, өтінімдердің барлығы онлайн қабылданып, рәсімделеді. Сондай-ақ сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер алғандар енді баспанасын жекешелендіре алады.
Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ төрағасының орынбасары:
- Бұл жаңалықтардың барлығы «Отбасы банкте» толығымен 6 айдан кейін жұмыс жасайтын болады. Себебі осы заңда 6 ай өтпелі кезең қарастырылған. Осы 6 айдың ішінде әкімдіктер бүгінгі таңда өздері жүргізіп отырған кезектің барлығын «Отбасы банкке» береді.