Хабар телеарнасы

1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті

Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды. Құжатта әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталды. Онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылған.

Мемелекет басшысы айтқандай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Бұл жоба биыл да көпшілікті қуантады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Жалпы 1 қаңтардан бастап, айлық есептік көрсеткіш өсіп, 3932 теңге болды. Яғни АЕК-пен есептелетін барлық төлемнің мөлшері өсті. Мәселен, қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі - 46 228 теңге. Ал зейнетақының ең төменгі көлемі - 62 771 теңге. Биылдан бастап жасы мен еңбек өтіліміне байланысты ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5 пайызға артты. Ал базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі деңгейі 32 360 теңгеге жетті.

Айлық есептік көрсеткіштің өсуі жәрдемақы көлеміне де әсерін берді. Ең алдымен, бала тууға байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы сомасы өсті. Енді 3 балаға дейін туғандарға 149 416 теңге беріледі. 4 және одан да көп бала туған аналарға 247 716 теңге табысталады. Ал мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға және 1-топ мүгедектігі бойынша жәрдемақы 6,5 пайызға өсті.