Хабар телеарнасы

Сенаторлар e-Maslikhat атты бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеуді ұсынды

Былтыр елімізде мәслихаттардың қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар реформа жүзеге асты. Бұл реформалар өкілеттілікті кеңейтіп, олардың жергілікті басқарудағы рөлін арттыруға арналған. Аталған өзгерістердің тиімділігі қандай?

Сенаторлар e-Maslikhat атты бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеуді ұсынды. «Азаматтардың талқылауларға және шешімдер қабылдауға қатысуына арналған онлайн-құралдар жоқ. Автоматтандыру деңгейі төмен. Жұмыс процесінің басым бөлігі қағаз түрінде қалып отыр. Есеп беру және өзара іс-қимыл стандартталмаған және цифрлық құралдармен қамтамасыз етілмеген»,-дейді жоғарғы палатаның депутаты Бибігүл Жексенбай.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- «Е-Maslikhat» жүйесін әзірлеуді ұсынамыз. Бұл құжат айналымын автоматтандыруға арналған бірыңғай цифрлық платформа болады. Оны eGov және е-Өтініш сияқты басқа мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау қажет.

Былтыр елімізде мәслихаттардың қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар реформа жүзеге асты. Мәслихат депутаттарын сайлауға өзгерістер енгізіліп, аралас сайлау жүйесі қолданылды. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Жорабек Нұрымбетов бұл өзгерістер жергілікті мәселелерді шешуде мәслихаттардың ықпалын арттыра түсті деп есептейді.

Жорабек Нұрымбетов, облыстық мәслихат депутаты:

- Әр депутат баратын жерлерге Аралдан бастап, Жаңақорғанға дейін қай елді мекенге баратын болса, бір апта бұрын оны әлеуметтік салаға салады, телефонын көрсетеді. Қандай мәселе болса да барып кездесіп, жазып алып, онлайн арқылы берсеңіз, оны қабылдап, жауап беріп, дұрыс, оң шешімін табуға жұмыс жасалып жатыр.

Қызылорда қалалық мәслихатында да  ашықтықты қамтамасыз етуге арналған бірқатар  шара қолға алынған.

Ибадулла Құттықожаев, қалалық мәслихат төрағасы:

- Мәслихаттар жұмыстарында қазір көп деген заман талабына сай өзгерістер жүргізіп жатыр. Біздің қалалық мәслихатта әрбір сессия, тұрақты комиссия отырыстары арнайы тікелей эфир арқылы көрсетіп отырамыз. Әрбір депутаттың электронды әлеуметтік желіде өздерінің парақшалары бар. Ол жерлерге тұрғындар тікелей шығып, өздерінің сұрақтарын жолдауға болады.

Мәслихат жұмысының ашық, жариялы жүргізілуі – уақыт талабы,-дейді депутаттар.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.