Хабар телеарнасы

Сенатта Марракеш шарты ратификацияланды

Парламент Сенаты «Марракеш шартын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат көру қабілеті нашар адамдарға арналған кітап-журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге арналған.

Марракеш шарты. Атауының өзінен бұл халықаралық тәжірибе екені аңғарылады. Әлемде зағип және нашар көретін жандарға толықтай мүмкіндік жасау 2013 жылдан бастап қолға алынған. Мақсат – адамның білім алуына құқықтық түрде тең мүмкіндік беру. Міне, сол бастамаға енді біздің ел де қосылады. 

Амангелді Төлемісов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл Шарт зағиптар мен нашар көретін адамдар үшін қолжетімді форматтағы туындыларды көбейтуге, таратуға, жалпыға ортақ назарға жеткізуге және жариялауға мүмкіндік беру мақсатында авторлық құқықтарға қатысты шектеулер мен ерекшеліктердің стандартты жиынтығын көздейді және авторлық құқықтарға қатысты ұлттық заңнаманы Марракеш шартына сәйкес келтіруді қарастырады.

Қазір Қазақстанда 85 мың адамның көру қабілетіне байланысты мүгедектігі бар. Осы азаматтарға арналған 17 кітапхана және жүзден астам кітапхана бөлімшесі жұмыс істейді. Бүгінгі құжатта осы құрылымдарды дамыту жолдары қаралған. Жаңа міндеттемелер қатарында ноталық жазба секілді иллюстрациялық туындыларға қолжетімділікті арттыру да бар.

Мәулен Әшімбаев, ҚР парламенті Сенатының төрағасы:

- Келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылған. Мақұлданған заң елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға оң үлесін қосады деп сенеміз.

Сенат отырысында депутаттық сауалдар да қойылды. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов Қонаев қаласындағы инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Айтуынша, Алматы облысының орталығында инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік және әкімшілік нысандар құрылысына қаржы қажетті көлемде қаралмаған.  

Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл жобалар Қонаев қаласын дамыту үшін өте маңызды. 2025 жылға осы жобалар бойынша қаржыландыру қажеттілігі 50 млрд теңгені құрайды.

Депутат аталмыш мәселені республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу жолымен шешуді ұсынды. Тек сонда ғана Қонаевты дамытудың кешенді жоспары тиісінше әрі уақытылы орындалады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов