Хабар телеарнасы

«Алматы әжелері» клубы әлемдік сән көрсетілімдеріне қатысып жүр

«Алматы әжелері» деп аталатын сән клубы әлемдік сән көрсетілімдеріне қатысып жүр. Олар бұған дейін Қырғызстан, Түркия, Италия сияқты бірнеше елге барып, халықаралық этнофестивальдарда өнер көрсетті. Енді жуырда Біріккен Араб Әмірліктеріне жол тартады. Онда әжелер өздері туралы түсірілген деректі фильмнің тұсаукесеріне қатысып, жаңа топтамадағы киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынбақ.

«Алматы әжелері» сән клубындағылардың ең жасы 61-де. Ал ең үлкені биыл 76-ға келеді. Ол Құралай Әшімханова. Бала кезінен биді жақсы көрген. «Сахнаға шықсам деген арманым жасым 80-ге тақаған шағымда орындалып жатыр», - дейді әжейдің өзі. Өмірдің өзі қозғалыс. Сондықтан егде жастағыларға көбірек қимылдау керек, осындай «Белсенді өмір сүру орталығына» келгені абзал,-деп кеңес береді. Құралай ана әлі күнге дейін еңбектен қол үзбеген. Заңгер болып жұмыс істейді. Орталықтағы дайындыққа да үнемі келеді.   

Құралай Әшімханова, «Алматы әжелері» сән клубының мүшесі:

- Өзімнің уақытымды өзім пайдаланамын. Содан соң бұл денсаулыққа да жақсы, өйткені психологиялық жағынан құрдастарыңмен, жастармен бірге жүру, сөйлесу, әзілдесу ол деген психологиялық жағынан жақсы әсер береді.

Мафруза Нұртазина да топқа алғашқылардың бірі болып қабылданған. Биыл 65-ке аяқ басты. Мамандығы музыкант. Симфониялық оркестрде виолончель аспабында ойнаған. Бас кезінде үлкен кісіліердің сән үлгісін көрсеткені қалай болады екен деп күмәнданған. Бірақ кейін өмірім мүлдем өзгеріп кетті. Зейнетке шыққаннан кейін жаныма жақын сүйікті іс тапқаныма, жақсы орта кездескеніне қуандым,-дейді.

Мафруза Нұртазина, «Алматы әжелері» сән клубының мүшесі:

- Дәл біздің ұжым іріктеліп келген адамдар сияқты. Өмірі болып-толып, біраз жетістікке жеткен адамдар. Әңгімеміз де жарасады. Бір-бірімізді түсінеміз. Мен кез келген әйел адамына әдемілік, сұлулық әсер етеді деп ойлаймын. Жарасады, бәріміз де жақынбыз ғой соған. Мына жерге келіп кәдімгідей дамып жатырмыз. 

Топта 16 адам бар. Бәрі шетінен өнерлі. Ән салады. Аспапта ойнайды. Өлең оқиды. Қандай іспен айналысам десең де жас кедергі емес. Клуб жетекшісі Зина Ищанованың айтуынша, бұл жаста нағыз өмір басталады. Балалары мен  немерелері өсті. Қазір олардың өзі әжелерін мақтан етеді.

Зина Ищанова, «Алматы әжелері» сән клубының жетекшісі:

- Біз топты құрған кезде ұлттық киімдерді насихаттауды көздедік. Мұндағы аналардың барлығы шығармашыл адамдар. Сән әлеміне жақын жандар. Бас кезінде дизайнерлердің киімін киетінбіз. Кейін киім үлгісін өз ұсынысымызбен тіктіретін болдық. Осы жолы үстіміздегі «Ақ кербез» деген топтаманы алып бара жатырмыз. Мұнда әрқайсысымыздың қолтаңбамыз бар. Италиядағы Milano Fashion Week сән көрсетіліміне қатысып, қазақстандық дизайнердің ұлттық киімін көрсетіп, қошеметке ие болдық. Барған жерімізде барлығы бізге құрметпен қарайды.   

Жақын күндері алматылық әжелер Біріккен Араб Әмірліктеріне аттанады. Ол жерде ресейлік режиссерлар түсірген «Путь к себе – долгая жизнь» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді. Картинаның басты кейіпкерлері – «Алматы әжелері».

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев