Хабар телеарнасы

Шымкентте жаңа тұрғын үй кешені қайта жөнделеді

Шымкентте жаңа тұрғын үй кешеніне қоныстанғандардың қуанышы көпке созылмады. Себебі баспананың қабырғалары жарылып, сыз тартып тұр. Тұрғындар осыдан 4 жыл бұрын салынған үйдің сапасын қайта тексеріп, күрделі жөндеуден өткізіп беруді өтінген. Ал мердігер не дейді?

Гүлмира Шағырова жаңа баспанасына жылда жөндеу жұмыстарын жүргізетінін айтады. Себебі аз уақытта құрылыс сапасы сыр беріп, қабырғалар қақырай бастаған. Салдарынан үй іші азынап, сыз тартқан.

Гүлмира Шағырова, қала тұрғыны:

- Апта сайын сүртіп тұрамын. Қайтадан көгеріп кетеді. Ол білесіздер көгерген денсаулыққа өте зиян екенін. Балаларым ауырып қалып жатады. Емделіп тұрамыз. Бағанағы үйді жылту үшін батарея жалғадық ақырында кредитпен.

Тұран шағын ауданындағы 5 қабатты бұл үйлерге барлығы 240 отбасы қоныстанған. Баспана кезегіндегі көпбалалы жандар, әлеуметтік әлсіз топ пен жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Алайда мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болғандардың базынасы бір. «Жауын жауса жертөле суға толып, электр желілерінен жиі ақау шығады»,–дейді.

Жанар Асанқызы, қала тұрғыны:

- Подвалдан су кетеді. Екі жылдай онымен алысып жүрдік. Өзіміз ақша жинап, сол жерді істетіп алдық. Қазір кішкене тәуір. Бірақ үйдегі жарық үңірейіп тұр. Кәдімгідей жарылып кеткен кафелдің бәрі.

Пәтер иелерінің уәжі Тұрғын үй басқармасының өкілдеріне жақсы таныс. Бұған дейін де мәселе бірнеше рет көтеріліп, кемшіліктер кепілдік мерзіміне сай жөнделген. Бұл жолы мердігердің міндеттемесі арнайы құрылған комиссияда қаралмақ.

Көпжан Төлебаев, қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:

- Тұрғын үй басқармасы тарапынан қандай да бір мердігер мекемеге әкімшілік жауапкершілікке басқа да жауаптылық болсын құзырына кірмейді. Тұрғындардың уәждері бүгінгі таңда назарға алынып, комиссия құрылады. Көшпелі отырыс өткізілуі де мүмкін.

Мердігер мекеменің өкілі тексеріс жүргізуге әзір. Айтуынша, тұрғын үйге айналадағы құрылыстан зақым келуі мүмкін. «Кемшіліктерге байланысты дереу ақау АКТ-сін түзіп, көктемде қайта жөндеп береміз»,–дейді.

Әсет Құрманбек, құрылыс компаниясының өкілі:

- Арыз, шағым бойынша барамыз. Дефектілер бойынша АКТ түземіз. Қай жер, қай пәтер, нөмірі бойынша күн жылынғаннан кейін жарылған трещина болсын, краскасы түскен жерлер болсын қайтадан жасап береміз.

Биыл мамыр айында мердігердің 5 жылдық кепілдік мерзімі аяқталады. Әрі қарай үйді күтіп ұстау міндеті тұрғындардың өзгеріне жүктеледі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов