Хабар телеарнасы

Алматы мен Қаскелеңнің арасындағы жол сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

Алматы мен Қаскелең қаласының арасындағы жол сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Құрылыс екі кезеңде жүргізіледі. Алғашқыда Үлкен Алматы айналма автомобиль жолынан Қаскелең өткеліне дейін, екіншісінде Қаскелең өткелінен Әйтей ауылына дейінгі учаске қамтылады. Қазір жобалау жұмыстары басталды. «Қазавтожол» компаниясы мамандарының айтуынша, жобалық сметалық құжаттама жыл соңына дейін дайын болады. 4 жолақтан 8 жолаққа кеңейту көлік қатынасын жақсартуға және жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Оған қоса, ауыл тұрғындарының ұсынысы да ескеріледі. Осыған орай қоғамдық кеңес өткізу жоспарланып отыр. Жоба сәтімен жүзеге асса, бұл жолмен тәулігіне 90 мың көлікке дейін өтеді. Кептеліс азаяды.

Жанат Өтепбергенов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы:

-Қазіргі таңда Алматы-Бішкек республикалық маңызы бар автомобиль жолының 19 және 27 шақырым аралығын біз күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалалық сметалық құжаттаманы жасап жатырмыз. Аталған жобада біз 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар екі жолайырығын сол жобаға қосатын боламыз. 12-ге жуық жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда.