Хабар телеарнасы

Қазыналы қарияларымыз амалсыз қарттар үйін паналап жүр

«Қарты бар үйдің қазынасы бар». Бірақ жасы келгенде жақындарынан қолдау таппаған кейбір адамдар қарттар үйін паналауға мәжбүр. Әдетте баласы жоқ, жалғызілікті әрі мүгедектігі бар азаматтарды мемлекет қамқорлығына алады. Ал төрт құбыласы тең бола тұра, жетімнің күйін кешкендер жекеменшік пансионаттарға барады. Олардың өміріне қауіп төнген жағдайлар да кездесіп жатады. Жуырда Павлодар қаласында болған оқиға - соның дәлелі. Прокурорлар мүгедектігі бар зейнеткерлерді ұрып-соғу дерегін анықтаған болатын.

Қарттар үйі мен жекеменшік пансионаттарға зейнеткерлер түрлі тағдырмен түседі. Аты-жөнін атамауды өтінген 76 жастағы кейуана шарасыздықтан осындай қадамға барыпты. Ерлі-зайыптылардың екеуі де инсульт алған. Жалғыз қыздары Германияда тұрады.

Пансионат тұрғыны:

-Біздің үйіміз бар. Бірақ қыста көмір тасып, қар тазалау қиын. Қызым осында қоңырау шалып, бізді қабылдауды өтінді. Қарнымыз тоқ, ешкім ренжітпейді.

Жиырма екі жыл зауытта еңбек еткен Вера Татаринованың пансионатта тұрғып жатқанына жарты жыл болыпты. Сусамыр ауруы асқынып, дәрігерлер бір аяғын кескен. Жағдайы түзелген ол енді әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінбек.

Вера Татаринова, пансионат тұрғыны:

- Ертең үйіме кетемін. Менің бір бөлмелі пәтерім бар. Көршілерім келіп, алып кететін болды.

Бұл жерде қазір 54 адам тұрып жатыр. Жуырда «Радость» пансионатында жәбір көрген зейнеткерлерді мекеме директоры Әсел Ыспұлова осында ауыстырып алыпты. Олардың көбі төсек тартып жатыр.

Әсел Ыспұлова, пансионат директоры:

-Мен «Радость» пансионатынан 10 пациентті өзіме алдым. Жағдайлары жаман емес. Жылы жерде, қарындары тоқ. Ең бастысы ешкім оларды ренжітпейді.

Айта кету керек, жекеменшік пансионатқа ата-анасын саналы түрде тапсыратындар бар. Кейбірі таңертең әкеліп, кешке үйіне алып кетеді екен. Деменцияға ұшыраған яғни кәрілік жеңіп, жадын жоғалтқан әке-шешесіне балалары күтім жасай алмайтыны ащы шындық. Қарттар үйін қоспағанда Павлодардың өзінде онға тарта жеке пансионат бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Кошкарбаев, Марат Игіліков