Алматыда сиыр етінің көтерме бағасы қымбаттап кетті
Алматыда жаңа жылдан бері сиыр етінің көтерме бағасы қымбаттап кетті. Былтыр күзде еттің келісі 2400-2500 теңгенің айналасында болған. Қазір жеткізушілер 2900 теңгеден әкеп жатыр. Базарда ет сатумен айналысатындардың айтуынша, оған сойыс малының азайып кеткені себеп. «Ірі қараны шетелге экспорттауды тоқтатпаса, бағаны тұрақтандыру қиын»,– дейді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпаратпен мүлдем келіспейді.
Базарда ет сататындардың айтары бір. Барлығы бірауыздан еттің көтерме бағасының қымбаттап кеткендігіне наразы. Айтуларынша, ет жеткізушілер былтыр күзден бері бағаны өсіріп келеді. Осы күнге дейін 400-500 теңгеге қымбаттапты. Оған қоса, қазір ас та төк ет байқалмайды.
Ләззат Мұртазина, сатушы:
-Иә, биыл қымбаттап жатыр енді. Әрқалай 2800, 3000-ға дейін барады Қордай, Луговой. Сұрадық, қымбат болып келіп жатыр деді аржақтан. Алатындары қымбат та, күнде өсіп жатыр баға.
Ардақ Сапарбекова, сатушы:
-Қазір 3000-нан аламыз. Мына базардың расходымен 3150-ге айналады. Біз қазір 3500-ден, 3400-ден сатуға мәжбүрміз. Потому что бізге де қалу керек.
Гүлманат Шайхисламова, сатушы:
-Ет шетелге кетіп жатыр дейді. Өзбекстанға кетіп жатыр дейді, Қырғызстанға кетіп жатыр дейді.
Сатушылар айтқандай расында ауыл шаруашылығы министрлігі шетелге тірідей 85 мың бас бұқашық сатуға рұқсат берген. Соның 70 мыңы былтыр күзден бері сыртқа экспортталған. Квота былтыр қазан айында берілген. Ол 6 айға жарамды.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары:
-Енді бұл жаппай кетіп жатыр деген өтірік әңгіме. 85 мың квота шеңберінде алып қарайтын болсақ, кетіп жатқан малдың 50% Өзбекстанға кетіп жатыр, 32% Тәжікстанға кетіп жатыр, 8% Әзірбайжанға, 4% Қырғызстан еліне кетіп жатыр. Грузияға 0,1% ғана кеткен. 56 бас экспортталған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің пікірінше еттің қымбаттауы уақытша, маусымдық жағдай. Қазір етке тапшылық жоқ. « Ел бойынша 250-ге жуық бордақылау алаңында 175 мың бас ірі қара тұр»,– дейді.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары:
-Қазіргі осы қыс айында, кондициялық мал жеке қосалқы шаруашылықтарда жоқ. Бұл жағдай жыл сайын қайталанатын жағдай. Жыл сайын болатын тенденция. Былтыр 2024 жылы қаңтар айын қарасақ, сиыр етіне баға 2513 теңгені құрады. Биыл осы 21 қаңтардағы жағдайды қарасақ, баға сиыр етіне, 2600 теңге, яғни 100 теңгеге қымбаттаған.
Осылайша министрлік баға бар жоғы 100 теңгеге қымбаттады деп отыр. Оның одан әрі өсуіне негіз жоқтығын айтады. Былтырмен салыстырғанда ірі қараның саны да 18 процентке артып, 8 млн-ға жуықтапты.
Автиорлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев