Хабар телеарнасы

СҚО-да 2 мыңнан аса маман жетіспейді

Әсіресе ірі кәсіпорындар білікті кадрларға зәру. Өңірде оларды даярлайтын 13 кәсіптік және техникалық колледж бар. Алайда қолына диплом алған түлектер мамандығы бойынша жұмыс таба алмай басқа салаларға кетуге мәжбүр. Бұған не себеп?

Петропавлдағы мына бір машина жасау зауытында кадр тапшы. Сондықтан бір адам бірнеше қондырғыда қатар жұмыс істейді. Енді оларға студенттер қосылды. Константин Долинин өндіріс орнында дуальді білім беру жүйесі бойынша еңбек етіп жүр. Бірақ болашақта жеке кәсіпке бет бұрғысы келеді. 

Константин Долинин, студент:

- Әкеммен бірге 700 мың теңгеге станок сатып алдық. Тапсырыстар түсіп жатыр. Ісіміз алға басса, токарлік қондырғы қоямыз. Әзірге осында өндірістік тәжірибеден өтіп, осы кәсіптің қыр-сырын меңгеріп жатырмын.

Кәсіпорынға инженерлер жетіспейді. Зауыт басшылығы мұны өндірістің дамуымен байланыстырып отыр. Тағы бір себеп – жастар аз. Қазір өнідіс ошағында 350 маман жұмыс істейді. Дені орта жастағы адамдар.  

Айнагүл Рахметова, зауыт директорының орынбасары:

- Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса мән береміз. Жатақхана бар. Тамақ тегін. Былтыр 78 студент өндірістік тәжірибеден өтті. Бірақ соның 15-і ғана қалды.

Өңірде дуальді білім беру жүйесі аясында 3 мыңнан аса студент жұмыс істейді. Оларға шәкіртақымен қатар жалақы төленеді.

Бауыржан Зейнуллин, білім басқармасының бөлім басшысы:

- Облыста кәсіптік және техникалық білім беретін 24 мекеме бар. Жұмысшы мамандықтарын 13 колледж даярлайды. Биыл оларға бөлінетін оқу гранттары ұлғайтылды.

Солтүстік Қазақстан облысында 3 мың бала жұмысшы мамандықтары бойынша білім алады. Бірақ бұл кадр тапшылығын түбегейлі шешпей тұр. Еңбек нарығында әлі де механизатор, электрші, дәнекерлеуші, токарлар тапшы.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков