Ақтөбе облысының тұрғындары қақаған қыста жылусыз отыр
Ақтөбе облысына қарасты Қарауылкелді ауылында 16 пәтерлі көпқабатты үй тұрғындары қақаған қыста бүрсең қағып отыр. 2021-ші жылы пайдалануға берілген әлеуметтік баспана сапасыз болып шықты. Қазірдің өзінде қабырғалары сөгіліп, іргетасы шөге бастаған. Жиі істен шығатын жылу жүйесі қашан жөнделеді?
Мансұр Есқожин, тілші:
- Тұрғындар көшіп келген жылы-ақ бейнетке душар болдық, - дейді. Шұрық-тесік шатырдан су ағып, қыстың қақаған аязында қабырғаларын қырау басқан.
Гүлзат Есенбаева: «Қыс келсе, есік-терезені қымтап әлек боламыз»,- дейді. Шиеттей балалары күн суытқалы бірнеше рет тұмауратқан.
Әлеуметтік баспана кезегінде 7 жыл тұрған отбасы сыры кеуіп үлгермеген су жаңа үйге 2021 жылдың желтоқсанында қоныстанды. Мемлекеттік бағдарламаның талабына сәйкес, көпбалалы анаға 3 бөлмелі пәтер берілді. Алайда тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмаған.
Гүлзат Есенбаева, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:
- Жылыту жүйесі жасамай қалды. Әкімшілікке айттым, әкімшілік 80 мың берді. Өзімнің қалтамнан ақша шығарып, кредит алып жасаттым жылудың барлығын. Сосын мен үйдің ақшасын төлемей отырмын. Мен әкімшілікке барғанда да айттым. Қашан менің үйімді істеп бересіңдер, сол уақытта төлеймін,- дедім.
Тұрғындар 16 пәтерлік үйдің жылу жүйесінен бөлек, қабырғалары да сөгілгендігін айтады. Іргетасын су шайып, ғимарат шөгіп кеткен.
Назерке Шаруханқызы, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:
- Жарлары құлап тұр. Терезелерінен жел келеді. Пластик, есіктерінің өздері де дұрыс емес. Қалай болса солай салып тастаған. Кейде үйдің іші жылысын деп төрт «камфорканы» қосып қоямыз.
Жалдамалы әлеуметтік баспана иелерінің мұңын жергілікті әкімдіктегілер жақсы біледі. Бұған дейін кәріз жүйесі де істен шыққан болатын. Дер кезінде мердігерге айтып, құбырлары жаңартылған.
Айбек Көпенов, Байғанин ауданының әкімі:
- Мердігердің сапасыз жасағандығы сол кезде айтылды. Кепілдік мерзімі өтіп кетті үш жылдан. Енді оны бұл біздің баланстағы үйлер болғандықтан, барлық тұрғындарға арендалық негізде берілген, сондықтан қосымша жылыту мәселесін қарайтын боламыз.
Байғанин ауданында 321 адам баспана кезегінде тұр. Жергілікті билік құрылыс компанияларынан көпқабатты ғимараттардың орнына жеке тұрғын үйлерді сатып алмақшы. Биыл 40 отбасына баспана кілтін табыстау жоспарланған.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов