Хабар телеарнасы

Алматыда метроға қоршаулар қойылып жатыр

Алматы метросына жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қоршаулар қойылып жатыр. Бұған дейін жұртшылық әлеуметтік желіде жарияланған ортасы бос темір қоршауды сынға алған еді. Метрополитен басшылығының айтуынша жұмыс әлі аяқталмаған. Темірдің ортасына сынбайтын әйнек салынады. Бұл қоршаудың өзі уақытша орнатылады. Метро жобасында вагон арасын жабу туралы көрсетілмеген. Дәл сол жерге жақында адам құлап, қайтыс болғаннан кейін метрополитен басшылығы осындай шешім қабылдады. Оған жұмсалатын қаражат түгел өздерінен. Ал жаңадан ашылатын метро бекеттерінде міндетті түрде платформалық қоршау болады. Еске сала кетейік, Алматы метросында 11 бекет бар. Қоршау 10 күннің ішінде қойылады.

Әрсен Жангелдин, «Метрополитен» КМК директорының орынбасары:

-Қазір 11 бекеттің 7-не осындай қоршаулар қойылды. Әрқайсысында 6-дан болады. Кейін мұны алып тастап, орнына автоматтандырылған платформалық қоршау орнату жоспарда бар. Бірақ оған уақыт қажет. Өйткені жобалау, техникалық-экономикалық негіздеме, қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу керек. Қазірше жолаушылардың қауіпсіздігі үшін уақытша металл қоршаулар орнатылып жатыр. Ал осыған 14 млн теңге жұмсалды деген шындыққа жанаспайды.