Хабар телеарнасы

СҚО-да 116 елді мекенді су басу қаупі бар

Солтүстік Қазақстан облысында 116 елді мекенді су басу қаупі жоғары. Сондықтан өңірде құтқару топтары құрылды. Оның құрамына екі мыңға жуық маман бар. Төтенше жағдайлар қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті билік өкілдері табиғи апаттың алдын алу үшін не істеп жатыр?

Солтүстік Қазақстан облысында 19 гидрологиялық бекет құрылған. Мамандар әр он күн сайын осылай алқаптарға шығып, қардың қалыңдығы мен ылғал қорын өлшейді. Олардың айтуынша, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

Дәурен Қосшығұлов «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

- Соңғы өлшем бойынша қардың құрамындағы ылғал қоры 27 мен 96 миллиметр аралығында болды. Бұл көрсеткіш облыстың оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс аудандарында шамадан тыс жоғары. Жердің тоңы 80 сантиметрге дейін қатып қалған.

Болжам бойынша биыл Сергеев су қоймасы 2,8 млрд текше метр су қабылдауы мүмкін. Бұл қалыпты мөлшерден екі есеге көп. Оның үстіне бөген көктемнен бері босамай толып тұр. Қазір төтенше жағдайлар қызметі су басуы мүмкін деген 116 елді мекенді қатаң бақылауға алды.   

Әсет Шайкин, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:

- Облыс бойынша 73 шақырым топырақ үйіндісі нығайтылды. 100-ден аса су өткізгіш құбыры салынды. 10 шақырым канал мен арық тереңдетілді. Сонымен қатар шағын өзендердің арнасы кеңейтілді.

Мамандардың айтуынша, көктемгі тасқынның болу қаупі Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Есіл, Шал ақын және Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласында жоғары. Осыған байланысты өңірде 200-ден аса эвакуациялық пункт құрылған. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков