Бекзат Саттархановтың өмірі жайлы балалар кітабы жарық көрді
Бүгін Олимпиада чемпионы, боксшы марқұм Бекзат Саттархановтың өмірі жайлы алғашқы балалар кітабы жарық көрді. Авторы әріптесіміз журналист, ақын, жүргізуші - Азамат Әбілқайыр. Сидней Олимпиадасында 57 келі салмақ бойынша жасындай жарқ еткен қазақ батыры жайлы жазбас бұрын біраз ізденіпті. Бекзатты білетіндер оның рингте аяқпен шебер қимылдайтын жорға жүрісті боксшы болғанын айтады. Намысты ер туралы өнегелі әңгіме көп. Мәселен, Ресейде ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық додада спортшымыздың бармақ сүйегі шығып кеткен. Сонда да сыр бермей, қанға толы қолғабын тек жеңіске жеткен соң ғана шешіпті. Марқұмның анасы: «Бұл туынды кішкентай оқырмандардың батырлығы мен елге деген сүйіспеншілігін арттырады»,– дейді.
Сырлыгүл Шойбекова, Бекзат Саттархановтың анасы:
-Бірінші бетін ашқанда «Ел намысы - менің намысым» деп басталған. Соның өзі мен ойлаймын, кітапта не сипатталғаны білініп тұрған сияқты. Ұнады маған.
Азамат Әбілқайыр, кітап авторы:
-Біз тек боксшыларға ғана емес, бапкерлерге де, басқа саланың өкілдеріне де, ата-аналарға да, ұстаздарға да жалпы бір жақсылық жасағысы келетін, бір арманына жеткісі келетін, осы өмірге бір ізгілік алып келгісі келетін әрбір адамға оқысын деп жазылды.