Хабар

Елорданың әр ауданында ұлттық дәстүріміз дәріптелді

Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шаралар жалғасып жатыр. Елорданың әр ауданында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр кеңінен дәріптелді. Ал әжелерден құралған үйірмелер жұмысы қазір мектеп оқушыларының қызығушылығын туғызып отыр. Соның арқасында тоқыма, киіз басу, киім тігу және өзге де қолөнерге құмар жастардың қатары артқан. 

Көнеден келе жатқан бұл дәстүр балалы болған ата-анаға парыз. Іс-шарада оның маңыздылығы мен ережесі кеңінен айтылды.

Сәлима Елеуіс, қала тұрғыны, зейнеткер:

- Әрбір ата-ана өздерінің кішкентай кезінен бастап шілдехана, бесікке салу, одан кейін мына тұсаукесеріне өте қатты мән береді. Өйткені бала өмірге деген қадамын енді бастайды. Міне, бұл рәсім соның қадамына нұр бітсін, болашақ жолы жақсы болсын деген мақсатпен орындалады.

Салт-дәстүріміз елордадағы бес бірдей ұзақ өмір сүру орталығында дәріптелді. Ұлттық киім киіп, халық әндерін шырқаған ата-әжелер сәлем беру, сүйінші, кәде сұрау, ата-ана мен үлкенді құрметтеу және өзге де ғұрыптарды баяндады. Ал соңғы жылдары салт-дәстүрден өзге ұлттық қолөнерге қызығушы оқушылар көбейген.

Айман Асимаева, зейнеткер:

- Бұрыңғы өзіміздің қалған өнерімізді ұмытылмасын, балалар беталды далада жүрмесін. Өздеріне білезік, «брелок» тоқығысы келсе тоқиды. Балаларды өнерге үйретеміз. Қазір киім тігуді, қолдан ойыншық жасауды үйретеміз.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүр асыл мұра. Сондықтан ол еш ұмытылмас үшін әр отбасында насихатталуы тиіс,- дейді тарихшы Саят Ыбырай. Себебі ұлттың болмысын білдіретін бұл нақыш үшін өткен дәуірде күрес те жүргені белгілі. Ал қазір тек ұлыстың ұлы күні аясында емес, күнделікті өмірде бала бойына сіңіру маңызды,- дейді ғалым.

Саят Ыбырай, Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы:

- Жалпы кез келген  дәстүрдің өміршеңдігі бұл халықтың арасында кие деген ұғыммен тікелей байланысты болады. Себебі әрбір салт-дәстүрге біз кие дарыта білсек және де біздің ата-бабаларымыз оны дарыта білді. Сондықтан да ондаған ғасырлар өтсе де, бұл салт-дәстүрлер бүгінгі күнге дейін бізде ұсталып, әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатыр.

Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар легі күн сайын жалғасады. Мерекелік бағдарлама 22-наурызға дейін созылады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Әлібек Әлиев