Ғылым мен мемлекеттік қызметті ұштастырған қайраткердің құрметіне Алматыдағы өзі ректор болған екі жоғары оқу орнында ауқымды кездесу өтті.
Ғалымның мерейлі жасы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде атап өтілуі бекер емес. Әділ Ахмет осы білім ордасының табалдырығын студент болып аттап, ректорлыққа дейін көтерілді. Шәкірт тәрбиелей жүріп, ғалым түркі тілдерінің терең тамырын зерттеп, халықтың дүниетанымы мен мәдениетін айқындау жолында тер төкті.
Гүлдархан Смағұлова, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ профессоры:
-95-ші жылдары, өткен ғасырдың соңында үлкен бір еңбекті докторлық диссертация етіп қорғады. Ол «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» деп аталатын. Осы кітап біздің қолымызға тигеннен кейін монографиядан кейін, біз көп жағдайда қазақ құндылықтарына басқа көзқараспен қарай бастадық. Бұл кітаптың мазмұнынан қарасаңыз, сөздің магиясының керемет екенін дәлелдейді.
Әділ Ахмет еліміздегі ең алғашқы халықаралық университет – Қазақ-Британ техникалық университетін де басқарды. Бәсекелі қоғам құру үшін білікті маман қажет екенін басымдыққа алып, қызмет етті. «Ал Әділ Құрманжанұлының Америкадағы байырғы халықтардың тілінде көне түркі сөздеріне ұқсас жүздеген атаулар кездесетінін дәлелдеуі – ғылым жолындағы тың бастама», - дейді замандастары.
Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
- Тиіп қашып қараған біреулер, Швед ғалымдары, Француз ғалымдары. Қазір соның есігін ашып, қайтадан тың, осы Алтайдан бізге шыққан деп, Түркі тілдес, түркі елдері деп атақ беріп отырған Әділ Құрманжанович. Ол енді 67 миллион халықтың бетін бұру, тарихын ашу үлкен ерлік деп ойлаймын. Маман ретінде инемен құдық қазғандай, әр сөздің түбін іздеп, дәлелдеп көрсетті.
Әділ Ахмет тек ғылыммен шектеліп қалған жоқ. Ол ел дамуына белсенді араласып, Парламент Сенатының депутаты ретінде маңызды шешімдер қабылдауға атсалысты. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі болып, халықаралық байланысты нығайтуға үлес қосты.
Әділ Ахмет, мемлекет және қоғам қайраткері:
-85 аз жас емес. Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра дейді. Көпті де жасадық деп ойлаймын, көпті де көрдік деп ойлаймын. Канададан бастап, өзі 56 мемлекет кіреді ғой, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, сол мемлекеттердің бәрін аралап шықтым. Сол жердегі мұсылмандардың мүддесін қорғап, артта үлкен із қалды. Мінекей мыңдаған шәкірт шықты. Мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін.
Өмір жолы ұрпаққа үлгі қайраткердің құрметіне Қазақ-Британ техникалық университетінде аудитория ашылды. 85 жасқа келсе де, Әділ Құрманжанұлы әлі де ғылыман қол үзген жоқ. Ғылыми қауымдастық пен оқырмандарына бірнеше еңбегін ұсынды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев