«Қорқыт» дәстүрлі саз тобы жаңа рекорд орнатты
Ұлттық өнерді насихаттауға арналған кеште қазақ және шетел авторларының шығармалары орындалды. Өнерпаздар 4 сағаттай көрермен алдында өз шеберліктерін паш етті. Домбыра, сырнай, қобыз, жетіген мен дауылпаздан төгілген саз көпшіліктің көңілінен шықты.
Өресі биік өнерлі ұжым бабамыздың бай мұрасы саналатын байырғы туындыларды өз нақышына келтіріп орындады. Оны жиналған өнерсүйер қауымның ыстық ықыласы мен қошеметінен аңғаруға болады. Дәстүрлі саз тобы тапжылмастан күй орындап, талайдың таңдайын қақтырды.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- 17:15-те басталған шара әлі жалғасып жатыр. Сағат тілі 20:30 болды. Яғни 3,5 сағат дамылсыз «Қорқыт» ансамблінің мүшелері көрерменнің көңілін көтеріп жатыр. Сәйкесінше халық та көп келген. Олар дән риза. Айта кетейік, арасында 70-тен асқан зейнеткер әжелеріміз де бар.
«Ұлттық өнер» дегенде делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Айқайға басып, тақымын қысып отырған көрерменнің алдында «шыдамдылық» деген сөз болып па? Расында қыз-жігіттеріміз жарады. Аруларымыздың саусақтары тілінсе де, дес бермеді. Тіпті білегі шыққан домбырашы соңына дейін төзімділік танытты.
Айбек Әрімбек, күйші:
- Шыны керек ойнау барысында аздап қиналдым. Осы іс-шараны бастайтын кезде футбол ойнаймыз. Сол кезде құлап, қолымды шығарып алдым. Жетекшіміз сынықшыға алып барып, қолымды салдыртты.
Керемет кешке куә болған көпшілік мұны білмейді, әрине. Жанына батса да, өжеттілігімен көзге түскен жігерлі жігіт міз бақпады. «Ұлттық өнердің құдіреті» деген осы шығар. Ұжымның ерен еңбегі елеусіз қалмады.
Қуандық Құдайбергенов, Қазақстан рекордтар кітабының Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі:
- Шындығында таңғалып отырмыз. Былайша айтқанда, ерекше әсерде тұрмыз. Бұл – барлық ақпарт арқылы дүниежүзіне таратылатын мәдени құбылыс. Ғажап орындалды. Әлем рекорды орнатылды.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Құдіреті қос шегіне қонған қасиетті қара домбыра. Сиқырлы сазға бай жетіген. Қорқыттан қалған қоңыр үнді қобыз. Ұлтымыздың ұлттық аспаптарын жанына серік еткен «Қорқыт» ансамблі үзіліссіз үш сағат әлемді әуезді әуенімен тербеді. Осылайша қасиетті қазақ даласының ғана емес, күллі әлемнің рекордын жаңартты.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров