С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Жас Абай» спектаклінің тұсаукесері өтті
Актерлер бала Абайдың ел билеу ісіне араласу, қалыптасу кезеңін шебер ойнап шықты.
Қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязовтың айтуынша, елімізде һакімнің толысқан, дана кезін баяндайтын қойылымдар көп. Ал Абайдың жас шағын көрсететін спектакльдер жоқтың қасы. Драмада Абайдың алғаш рет ел билігіне араласуы, азамат болып қалыптасу кезеңі суреттеледі. Сондай-ақ Құнанбай мен Бөжейдің тартысы, одан туған дау-дамайға қатысты бала Абайдың өрелі сөз айтуы баяндалады.
Нұрлан Жұманиязов, қоюшы режиссер:
- Жастардың толғанысын, келіспеушілігін және жастар не қалайтынын, тығырықтан қалай шығу жолдары бар екенін Абайдың үлгісімен көрсеткіміз келді. Абайдың толғанысы, ұлтын, қазағын, елін сүюімен қатар, надандыққа қарсы толғаныстарын, өкініштерін білдіруі осы шығармада толығымен айтылады деп ойлаймын.
Жас Абайдың рөлін Сәкен Сейфуллин театрының талантты актері Ахай Жұмамұратов шебер сомдап шықты. «Данышпан тұлғаның болмысын ашу оңай болмады», – дейді ол. Әсіресе Қодар мен Қамқаның өлімін көргендегі Абайдың жан күйзелісін жеткізу қиынға соққан.
Ахай Жұмамұратов, «Жас Абай» рөлін сомдаушы:
- Бұл – Абайдың үлкен данышпан кезі емес, жас, бала кезі. Семейдегі мектептен келіп, енді ғана әкесінің қасында ел билеу ісіне араласқан шағын сомдаймын. Сондықтан жас мөлшері жағынан сондай бір қиындық туған жоқ. Бірақ Абайдың ойлау қабілеті өзгеше болғандықтан, оңайға тимеді.
Сәкен Сейфуллин театрының актерлері премьераға бір ай дайындалған. Сахналық киім үлгісі, музыка мен декорация, актерлер шеберлігі бәрі үйлесіп тұрды. Сондықтан болар көрермен қойылымды екі сағат тапжылмай тамашалады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин