Хабар телеарнасы

Димаш Құдайбергеннің Киевтегі концертіне АҚШ, Канададан жанкүйерлері келіпті

Қазақ баласының жеке ән кешіне алыстан ат терлетіп келген жұрттың қарасы қалың.

Украина астанасы ауа райымен қуанта қоймаса да, жергілікті халыққа жылулық сыйлады. Бұл жылулықты Мәскеуден кейін өзінің жеке концертімен ат басын бұрған Димаш Құдайберген әкелді.

Иә, қазақстандық әншінің бұл жақта жанкүйерлері көп. Димашты тіпті Украина халқы ғана емес, әлем жұрты сүйеді. Киевтегі алғашқы концертіне сонау мұхит асып, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландиядан да жанкүйерлері келіпті. Бұл қазақстандық әншіге деген ерекше құрмет болып отыр.

Джоуэл Бенабоу, жанкүйер /Канада/:

- Біз Димаштың әндерін таңертең де, кешке де тыңдаймыз. Ерекше бір ләззат аламыз. Бұған дейін Рига мен Мәскеудегі концертінде болған едік. Өте керемет.

Нина Боуден, жанкүйер /АҚШ/:

- Мен Димаштың Нью-Йорктегі концертінде болдым. Сүйікті әншіме жақын отыру үшін 5 билетті ауыстырдым. Арманыма жеттім.

Айта кету керек, Димашты барлық концертте жақындары қолдап келеді. Әке-шешесі де үнемі қасында. Тіпті Қанат Айтбаевтың өзі баласы ән шырқағанда қазақтың ұлттық аспабы домбырамен сүйемелдейді.

Қанат Айтбаев, «Димашали» продюсерлік орталығының жетекшісі:

- Шындығында, әлем елдерінде қазақша ән шырқап, алып стадиондарды жинаған қазақ өнерпаздары кемде-кем шығар. Мұны украиналық жанкүйерлер де айтып отыр.

Алда әлі Еуропаның 5 қаласы бар. Енді Димаш Құдайберген Прага, Гамбург, Дюсельдорф, Минск сынды алып шаһарларда қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, жанкүйерлеріне таңғажайып шоу сыйламақ.

Авторлары: Риат Шони, Әділғазы Төлеміс