Қазақстандықтар отандық фильмді үйде отырып тамашалай алады
Енді карантин кезінде отандық премьераларды үйде отырып-ақ тамашалайтын болдық. Қазақстандық Kaztube бейне порталы бірер күн бұрын онлайн-кинотеатрды іске қосты. Отандық кино индустриядағы барлық фильм бір платформаға жинақталды. Аталмыш сайтқа қазірдің өзінде бес рубрика бойынша 120-дан астам кино, деректі фильм, сериалдар мен мультфильмдер жүктелген. Олардың бәрі рұқсаты бар заңды контенттер. Фильмдерді ноутбук, компьютер, тіпті ұялы телефон арқылы да көруге болады және бәрі тегін. Онлайн кинотеатр іске қосылған алғашқы күннің өзінде 200-дей қолданушы тіркеліпті. Портал басшылығы бұл жобаның карантин кезеңінде зор маңызға ие екенін айтады. Тіпті алдағы уақытта оқушыларға арналған онлайн дәрістің нұсқасы да сайтқа салынбақшы. Сондай-ақ қазір киностудиялармен келіссөздер жүргізілуде. Сайттағы фильмдердің қатары уақыт өткен сайын толығып отырады.
Арман Тілеукенов, «Қазақпарат» ХАА» АҚ басқарушы директоры:
- Қазір видеохостингтер көп. Бұл жерден танымал фильмдер таба аласыздар. Бірақ мұнда қазақстандық өндірушілердің өнімі жиналады. Бұл телеарналар, продакшн-студиялар немесе «Қазақфильм» болсын, бүкіл өнім бір жерге жиналатын жалғыз платформа болады. Мұндай платформалар бұрын-соңды болған жоқ.