Талантты тележурналист Бейсен Құранбек дүниеден өтті
Талантты тележурналист Бейсен Құранбек дүниеден өтті. 49 жасқа қараған шағында ауыр дерттен көз жұмды. Ол тәжірибелі телемаман еді. Еңбек жолының алғашқы жылдарында «Хабар» арнасының жаңалықтар қызметінде еңбек етіп, қазақтілді Президенттік пулдың негізін қалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. «Бейсен Құранбек қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, кәсіби қолтаңбасын қалыптастырған азамат еді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізіп, елдің ыстық ықыласына бөленді, халықтың алғысын алды. Ол Алматы облыстық «Жетісу» арнасының директоры ретінде білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушы екенін де көрсете білді», – делінген жеделхатта.
Иә, Бейсекең журналистикаға кеш келіп, ерте кетті. Бірақ «көрермені ең көп журналист» атанды. Денсаулығы сыр бергенге дейін сол қалың көрерменінің ортасында отырды. Ол біздің қоғамның айтуға оңай тимейтін тұстарын көрсетті, әр қазаққа қамқор болуға қарекет жасады.
«Мен ұяң болып өстім» депті Бейсен Құранбек бір сұхбатында. Жиырмадан асқанша қызға сөз айта алмағанын да жасырмапты. Ауылдың ұяң баласының мінезін журналистика қалыптастырып берді. Бірақ ол ұр да жық, өркөкірек емес еді. Бейсекеңнің бойындағы биязылықты, ақсүйектерге тән паңдықпен қатар өрілген қарапайымдылықты оның қатарластары тамсана айтады. Бейсен Құранбек 2000 жылдардың басында «Хабардың» тілшісі болды. Президенттік пулда істеп, Тұңғыш Президенттің шетелге сапарлары туралы баяндады.
Нұрлан Окаұлы, журналист:
- Күндіз-түні жұмыс. Ешқашан шаршадым деп әлсіздік көрсетпейтін. Кейін 2006 жылы басқа жұмысына ауысуына байланысты Бейсекеңнің орнына Президенттік пулға мен бардым. Сол кезде Бейсекең жүріп өткен жолдың, Бейсекең жасаған қадамның оннан бірін жасай алсақ, мақтан көретін едік. Шын мәнінде журналист қандай болуы керек, адам қандай болуы керек, азамат қандай болуы керек – бәрінің кәдімгі тірі үлгісі еді.
Оның республикалық «Спорт» газетінен басталған кәсіби жолы қазақ телевизиясынан бір табан ажыраған жоқ. Туған өңіріндегі «Жетісу» телеарнасын екі қайтара басқарды. «Қазақстан» телеарнасында «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізді. Жүргізе отыра жүздеген адамның тағдырына араша түсті. Халық оны сол үшін де жақсы көретін.
Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:
– Ол не жасаса да, бар ықыласын жасап атқаратын. Сондықтан оның қолынан шыққан бағдарламалар халықтың көкейінен шықты. Қаншама адамдардың тағдырына араласты. Қаншама адамдардың шешілмей жатқан мәселелерін шешуге қолдан келгенін жасады.
Кәсібіне қанша адал болса, ол үшін ең басты құндылығы отбасы болатын. Үйленетін кездегі ол айтқан отбасының 10 қағидаты – әрбір қазаққа қажет кеңес. Тығыз күн тәртібінде анасымен сырласуға, қос қызын тәрбиелеуге әркез уақыт табатын.
«Соңғы бір жылда анаммен сырласуға, балаларымның тәрбиесіне, сабағына араласуға уақытым болмай кетті. Астанада үш бөлмелі пәтерім, жақсы жұмысым болса да, ауылға көшіп келдім. Себебі тоқсаннан асқан қарт анам ауылда тұрғысы келеді. Мен үшін анамның жанында болу бәрінен маңызды. Мен Астанада тұруға талай үлгерермін, ал анаммен бірге өткізетін сәттер шектеулі».
Зейін Әліпбек, тележүргізуші:
- 2006 жылы Астанаға көшіп келген жылы Бейсен ағамен бір үйде көрші тұрдым. Мені таңғалдырған бір деталь: біздің балаларымыз бір мектепке баратын, біз бара алмаған сәтте «Мен алып кетейін» деп алып кететін. Бірде кіші ұлым тақпақ жаттап отыр екен. «Не жаттап отырсың?» десем, «Бейсен аға күніне бір тақпақ оқуды талап етеді» деді».
Танымал тележүргізушінің ауыр дертке шалдыққаны туралы өткен жылдың соңында айтыла бастады. Ол бір жылдан аса уақыт бойы қатерлі ісікпен күресті. Бейсен Құранбек Faceboo парақшасындағы соңғы жазбасында үш нәрсені терең түсінгенін жазады. Олар: тілеулестік, денсаулықтың қадірін білу және сыйластық.
Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:
- Бейсенді осы күзде науқастанып жүрген кезде үйіне барып, көңілін сұрап, бетінен сүйіп едім. Ең соңғы көргенім екен. Туған бауырымдай болып еді. Керемет азамат еді. Халық оны керемет жақсы көрді.
Кәсібилігі бір төбе, адамгершілігі алып тау. Ол үлкенге іні, кішіге пана бола білді. Оның артында қалың қолы көрермені мен шәкірттері, қазақ үшін жасап кеткен қарекеті қалды. Әттең, тек төрт мүшел, айтуға оңай емес, бақұл бол, Бейсен аға...