«Қазақ дауысы-2020» байқауына іріктеу басталды
Онлайн форматта өтетін байқау әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ тілінде ән шырқап, күй шерте алатын дарынды өнерпаздарға арналған.
Ұлттық өнерді дәріптейтін байқау – «QAMSHY» ақпараттық порталының арнайы жобасы. Айта кетейік, бұл бірінші байқау емес. Бұған дейінгі ұйымдастырылған «Қазақ дауысы» халықаралық байқауы әлем қазақтарының ықыласына бөленіп, бірнеше миллион көрерменнің көзайымына айналған еді.
«Қазақ дауысы» халықаралық ән-күй байқауының басты ерекшелігі – онлайн форматта өтуі. Қазақ тілінде ән шырқап, күй шерте алатын әрбір өнерпаз шалғайда жатып, өз бейнежазбасын жіберіп, байқауға қатыса алады. Тіпті оның ұлты мен нәсілі де маңызды емес. Бұл сайысқа 16 және 35 жас аралығындағы азаматтар үміткер бола алады. Байқау «Дәстүрлі ән», «Күй» және «Эстрада орындаушысы» деген үш аталым бойынша өтеді. Әр аталымға өз саласының мамандары қазылық еткенімен, бұл сайыста көрерменнің дауысы да маңызды. «Сондықтан байқаудың бірінші кезеңінде Qamshy.kz порталына өтініш тастаған әрбір үміткер тыңдалып, үздіктері ғана сүзгіден өтеді», – дейді қазылар алқасы.
Рамазан Стамғазиев, ҚР Еңбек сіңірген артисі:
- Екінші кезеңде бізге жете қоймаған сирек әндерді орындау талап етіледі. Ол ән табылған болса, оның тарихын, яғни қай кезде шыққанын, орындаушылары мен жеткізушілерінің кім екенін баяндауды ережеге енгіздік.
«Ал үшінші кезең тек үздіктер ғана орындай алатын күрделі ән мен күйдің сайысы болмақ», – дейді ұйымдастырушылар.
Жұбаныш Жексенұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Біздің мақсатымыз – қазақ эстрадасының деңгейін көтеру. Жалпы байқаудың өзі әннің, әншіліктің деңгейін көтеруге бағытталған.
Өтініш 1 тамыздан бастап қабылданып жатыр. Ал әр аталымда озық шыққан байқау жеңімпаздарына 1 млн теңгелік жүлде табысталады.
Авторлары: Алмас Садуақас, Алуа Маханбет, Эдуард Кон