Алматыда «Без крыши» фильмінің салтанатты таныстырылымы өтті
«Без крыши» деп аталатын толықметражды картинаның тұсаукесері 29 сәуір күні «Aport Mall» ойын-сауық сауда орталығында өтеді.
Одан кейін өзге кинотеатрларда көрсетіле бастайды. «Туынды желісі өмірден алынған және бұл фильмнің айтар ойы маңызды», – дейді авторлар.
Бұл фильм аты айтып тұрғандай, баспанасыз жүрген отбасылардың мәселесін қозғайды. Жаңадан шаңырақ көтерген екі жас «тойға» деп жинаған бар қаражатын тұрғын үй құрылысына құяды. Бірақ мердігер компания оларды алдап кетеді. Ақыр соңында ақшасыз, үйсіз қалған екеуі «әділдік іздейміз» деп, әрқилы оқиғаларға тап болады.
Жанель Мақажан, актриса:
- Елімізде ерлі-зайыптылар үйленгеннен кейін пәтер іздейді, өз отауларын өздері тігіп, бүтіндей бір отбасы атанғылары келеді. Соған байланысты көптеген оқиғаларға да тап болып жатады. Фильм сол жайлы. Ең бастысы, бұл фильм қандай да жағдай болмасын бір-біріңізге қолдау көрсетіп, ажырасуға жол бермеуді көздейді.
Кинокартинаның қоюшы режиссері – Ален Ниязбеков. Бұл оның 4-ші фильмі. Жанры – авантюралық экшн-комедия.
Ален Ниязбеков, қоюшы-режиссер:
- Бұл фильмде маған өзім қалағандай жұмыс істеуіме мүмкіндік берілді. Әрбір әзілдің астарында шындық бар. Біз соны көрсетуге тырыстық. Кейіпкерлер әрбір күтпеген оқиғаға тап болып жатқанда көрермендер: «ары қарай не болады екен» деп қызығушылық танытса, онда біздің еңбегіміздің ақталғаны.
Түсірілім тобы: «Фильм барынша сұранысқа ие болады», – деп сенеді. Себебі туынды желісі өмірден алынған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев