Кемел жасқа келген кемеңгер тұлға Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы мен қайраткерлігіне зор құрмет көрсетілді
Алматыда өткен кездесуде Мемлекеттік хатшы ақынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаттарын табыстады. Мерейтойлық шараға жиналғандар Олжас Сүлейменовтің өмір жолына үңіліп, кемел жасқа келген кемеңгер тұлғаның шығармашылығы мен қайраткерлігін келер ұрпаққа үлгі етті.
Тектің тегін емес екенін біздің ұлтымыз жақсы біледі. Тарихқа үңілсек, Абылайханның жанында жүрген жаужүрек қолбасшысы Олжабай батыр: «Арманда кетіп барамын. Бірақ менің арманым жетінші ұрпағымда бір қайталанады. Бір әулетім өзім тәрізді батыр және асқан жырау болады» деп әулиелік сөз айтқан екен. Олжас Сүлейменов – сол Олжабай батырдың ұрпағы. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев тарихтан қалған тәмсілдің шындыққа айналғанын тілге тиек етті.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Сол сәуегейлік сөздің бүгін сәулелі жырға айналғанын біз ғана емес, бүкіл әлем көз жеткізіп жатыр. Сондықтан барша қазақ қазіргі таңда көріпкел бабасының атын алып, арманын орындаған Зейнолла Қабдолов ағамыздың сөзімен Олжас Омарұлын мақтамайды, Олжас Омарұлымен мақтанады.
«Достық үйінде» өткен мерейтойлық шараға жиналғандар Олжас Сүлейменовтың өмір жолына үңіліп, кемел жасқа келген кемеңгер тұлғаның шығармашылығы мен қайраткерлігін келер ұрпаққа үлгі етті. Ақынның сонау 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабінің құндылығы әлі де жоғары екенін атап өтті.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Бұрын соңды түрен түспеген түркі славян этно-тарихи кеңістігінің ортақтығын тақырып етіп алды. Ұлы дала мен Русьтің, қала берді Еуразия құрлығының рухани-мәдени тұтастығын тұнық жырымен, тұщымды зерттеулерімен айқындап берді.
«Олжас Сүлейменов ұлт тағдырына бейжай қарамаған қарымды қаламгер», – дейді үзеңгілестері. Оның белсенділігінің арқасында Семей ядролық полигоны жұмысын тоқтатты. «1926 жылғы санақ бойынша қазақтар Кеңес Одағындағы түркі тілдес ұлттардың ішіндегі ең көбі 6 миллион 200 мың адам болған. Ал 1939 жылы 2 миллиондай ғана қалған. Аз ұлт атану «бақыты» үшін осынша құн төлеген басқа қандай ұлт бар екен?!» деп ашына жазған Олжан Омарұлы, қалам ұстаған жанның жауапкершілігін тағы бір еске салды.
Олжас Сүлейменов, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Әр жазушының, әр ақынның немесе өнер адамының ортақ міндеті – өз оқырманы мен тыңдарманының бойына ізгілікті егу, талантын ояту, адамгершілікті сіңіру. Осы арқылы әр адам өз ұлтының нағыз жанашырына айналады. Өз халқы үшін еңбек ететін болады.
Мерейтой иесіне Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, академик Төрегелді Шарманов, Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі өздерінің жылы лебіздері мен тілектерін білдірді.
Авторлары: Гүлжан Көланқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев