Ертіс өңіріндегі археологиялық ескерткіштерге қауіп төніп тұр
Қазір археологтар бастаған экспедиция қазба жұмыстарын қолға алған. Бөрлі көлінің маңындағы ескерткіштер 10 жыл бұрын табылған. Сол сәттен бері қазба жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бір жыл бұрын Бөрлі көлінің жағасы төменгі деңгейде болған. Су айдынының көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Салдарынан 6,5 жылдық тарихи ескерткіш бұзылудың шақ алдында тұр. Ғалымдар ескерткіштің қирауына жол бермеу үшін оның жағасын геотекстиль мен өзге материалдармен бекітіп жатыр.
Археологтар Ертіс өңірінде мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тұрмысы мен мәдениеті туралы тың мағлұматтар жинастыруда. Көл жағасындағы ескерткіштер жыл сайын шайылып жатыр. Сол себепті қазба жұмыстары дәл осы жерде басталған. Мақсат – көне артефактілерді қазып алу.
Осы тектес кешендер елімізде бірен-саран. Қорымдардан жылқылар мен ірі қара малдың сүйегі табылған. Яғни бұл ежелгі малшылар қонысы болуы мүмкін. Ғалымдар жануарлар қолға үйретілген деген пікірде. Нақтысын генетикалық зерттеулер көрсетпек.
Виктор Мерц, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Бұл – мал шаруашылығы мәдениетінің дамыған шағы. Қоныстар сол кездегі тайпалардың отырықшылық тұрмысын дәлелдейді. Мәселен, мал сүйектері өзгерістерге ұшыраған. Яғни жабайы жануарлардың сүйегінен өзгешелеу. Адамдар ет және сүтпен қоректенуі мүмкін. Оны білу үшін липидтік сараптама жүргізіледі. Біз қыштың үлгілерін ұлыбританиялық әріптестерімізге жібердік. Ыдыс ішінде сүт немесе ет қалдықтары табылса, ежелгі адамның малды үйреткені анықталады.
Кешенді сараптама нәтижелері бірнеше ай ішінде белгілі болмақ. Тағы бір ерекшелігі, бұл жерден қыш ыдыстар табылған. Артефактілер әлемге танымал Боборыкин мәдениетімен ұқсас.
Елена Лялина, археолог:
- Жәдігерлердің көбі 50 см тереңдікте жатыр. Оны қазбас бұрын топырақ қабаттарын кезең-кезеңмен аршимыз. Жер астынан тас, қола дәуіріне жататын артефактілер де табылды. Мезолит кезеңіндегі тіршіліктің белгілері де байқалады. Әр топырақ қабаты маңызды тарихи мәлімет береді.
Бөрлі көлінің маңында тағы бірнеше ескерткіш бар. Зерттеу жұмыстары жалғасса, тың артефактілер табылары анық.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат