Esquire Picnic шарасында кино, мәдениет және медиа саласының майталмандары бас қосады
Таза ауада демалудың ерекше үлгісін қалыптастырған кезекті шара 18 қыркүйекте Алматыдағы гольф клубтардың бірінде өтеді.
Esquire Picnic шарасының алдында кино, мәдениет және медиа саласындағы танымал тұлғалардың басын қосып, шараның бағдарламасымен бөлісу – журнал ұжымының қалыптасқан ережесі. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, жаңалықтарымен бөлісіп, қонақтары мен оқырмандарына сый-сияпат жасады.
Константин Герлих, қазақстандағы Еsquire журналының өкілі:
- Биыл да қонақтарды аса ауқымды бағдарлама күтіп тұр. Шара өте қызық болмақ. Табиғат аясындағы демалысқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Олар ерекше шығармашылық атмосферада демалады.
Табиғат аясындағы шарада қонақтар дәстүр бойынша дастарханнан дәм татып, қызықты ойындар, дәрістер, шеберлік сабақтары, отбасылық конкурстарға қатыса алады. Сондай-ақ журналдың «Правила жизни» айдарының кейіпкерлерімен кездесіп, қызықты тақырыптарда пікір алмасуға мүмкіндік бар. Ал балалар үшін арнайы алаңқай қарастырылған.
Айсәуле Бақытбек, тележүргізуші:
- Esquire Picnic шарасына бірінші рет қатысқан кезде өте қатты ұнаған. Достарымызбен таза ауада демалдық. Биыл да пикниктің жарнамасын күтіп жүрген достарым көп. Себебі мұнда әрі демалып, әрі шығармашылық күш-қуат алып қайтасың.
Жоғары сапалы заманауи музыка – Esquire Picnic шарасының басты ерекшелігі. Шара қонақтары биыл еліміз бен шетелде аса танымалдыққа ие болған «Ирина Кайратовна» музыкалық тобының концертін тамашалай алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон