Junior Eurovision-2021: Ұлттық іріктеуге өтінімдер қабылдау басталды
Осы орайда «Хабар» Агенттігі, Adam Media және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауының Ұлттық іріктеуіне қатысуға өтінімдерді қабылдаудың басталғанын жариялайды. Байқауға 9 жастан 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатыса алады. Ұлттық іріктеу 4 кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау. Қатысушыларға сауалнаманы толтырып, өзі орындаған әннің бейнежазбасын Ұлттық іріктеудің ресми сайтына jevision.khabar.kz жүктеуі керек. Өтінімдер 6 қазанға дейін қабылданады.
Екінші кезең – бұл халықаралық ән байқауларының жеңімпаздары мен танымал орындаушылардан құралған әділқазы алқаларының шешімімен ең мықты деген 30 қатысушыны іріктеу кезеңі.
Үшінші кезең – jevision.khabar.kz сайтындағы онлайн дауыс беру сатысы. Бұл кезеңде қазақстандықтардың әрқайсысы өзіне ұнаған қатысушыға дауыстарын бере алады. Онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Ұлттық іріктеудің 12 финалисі анықталатын болады.
Төртінші кезең – Ұлттық іріктеудің финалы, бұл кезеңде еліміздің ең танымал деген композиторларының қатысушыларға арнап жазған арнайы әнін орындау арқылы, 12 финалист әнді шебер орындау жағынан жарысқа түседі. Әділ-қазылар алқасының берген бағасы мен SMS дауыс беру нәтижесінде жеңімпаз анықталады. Ең көп ұпай жинаған финалист Парижде өтетін Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан сайысқа шығатын болады.
Қазақстан аумағында Junior Eurovision Song Contest сайысы «Хабар» телеарнасында трансляцияланады.
Айта кетейік, биылғы 19-шы «Junior Eurovision Song Contest» балалар ән байқауына 19 ел қатысады. Олар: Албания, Армения, Әзербайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина.