«Менің үлкен қазақы отбасым» фильмінің тұсауы кесілді
Комедия жанрындағы фильм «Менің үлкен қазақы отбасым» деп аталады. Фильмнің тұсаукесері Алматыда өтті. Бүгіннен бастап барлық кинотеатрда көрсетіле бастайды. Жаңа туынды отбасы құндылылығын насихаттайды.
Фильмге қарапайым қазақ отбасының өмірі арқау болған. Манарбек ақсақалдың үш қызы түгелдей өзге ұлттан жар таңдайды. Оқиға солар жайында өрбиді. Фильмде танымал актерлармен қатар, бұрын киноға түспеген өнер иелері де басты рөлді ойнаған. Шетелдік күйеу балаға деген әкенің қарсылығы оқиғаны шиеленістіре түседі.
Данлади-Бвай Даниэль, актер:
- Қарапайым үш қызы бар . Үлкені орысқа, ортаншысы кәріске, ал кенже қызын ата-анасы қазаққа беруді армандайды. Бірақ ол Англияда оқып, Майклмен танысып, ұнатып қалады. Бірақ оны әкесі қабылдағысы келмейді. Мен Майклдің рөлін ойнаймын.
Фильмде бірнеше басты рөл бар. Режиссердің айтуынша, киноны ерекше етіп тұрған да осы. Оларды Әсел Сәдуақасова, Гүлнара Сейілбаева, Шынар Аскарова, Куандык Шәкіржанов, Олжас Әлжановтар сомдаған.
Ален Ниязбеков, режиссер:
- Ата-ана балаға өз айтқанын жасатқысы келеді. Бірақ балалары оларды тыңдамайды Біз фильмде таңдау еркіндігі мәселесін көтердік. Ата-аналары баласының орнына таңдау жасап, қалай өмір сүру керек, кімге үйлену керек екенін шешіп жатады. Жастар мен үлкендердің арасындағы түсініспеушілік, жанжал да осыдан шығады. Біз қазір өмірде кездесетін жайттарды көрсетуге тырыстық. Оның ішінде ащы шындық та, күлкілі оқиғалар да бар.
Жаңа туында Алматы облысының көрікті жерлерінде түсірілді. Оған каскадерлар тобы да арнайы шақырылды. Комедия жанрындағы отбасылық фильм 23 желтоқсаннан бастап барлық кинотеатрда көрсетіле бастайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев