Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде еске алу кештері өтті
Қазақ поэзиясының қара нары, «Хан Тәңірінің мұзбалағы» атанған ол жарты ғасырға жуық ғұмырында мыңнан астам өлең мен поэма, повестерді дүниеге әкелді. Шығыс, орыс жазушыларының шығармаларын тәржімалап, мол рухани мұра қалдырды.
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?!» деген ақын өлеңінің ұйқасы ел ішінде кеңінен танымал. Мұқағали есімі берілген мектептерде оның өлеңдері оқылып, еске алу кештері өтті.
Ұрпағы ақиық ақынның өлеңдерін жатқа оқиды. 45 жылдық қысқа ғұмырында сан ғасырға азық рухани қазына қалдырған Мұқағали Мақатаевтың есімі ел есінде. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» ақынның өлеңдері жүрекке жетеді. Ал оның аудармашылық талантының арқасында әлем әдебиетінің жауһарлары – Уильям Шекспирдің сонеттері, Уолт Уитменнің өлеңдері мен Дантенің «Құдіретті комедиясы» қазақ тіліне тәржімаланды.
Жұлдыз Мақатаев, М. Мақатаевтың ұлы:
- Әкеміз өте балажан адам болатын. Ол кезде Қарасазда екі бөлмелі үйде тұрдық. 10 жастағы баламын ғой, әлі есімде. Сол екі бөлменің біреуі толған әкемнің кітаптары болатын. Сол кітаптармен жұмыс істеді. Бір жағынан тума талант болса, бір жағынан еңбекқор еді. Әкеміздің шығармашылығын дәріптеуде өзіміз де жұмыс істеп жатырмыз.
Лирик ақын, қара өлеңнің құлагері деп халық әспеттейтін ақын шығармашылығына құрмет ретінде елімізде Мұқағали оқулары өткізу дәстүрге айналған. Елордалық Ақнұр Тұяқбай – халықаралық деңгейдегі байқаудың бас жүлдегері.
Ақнұр Тұяқбай, Нұр-Сұлтан қаласы №74 мектеп-гимназиясының оқушысы:
- Мұқағали Мақатаевтың шығармалары өте жүрекке жақын, жеңіл, оқуға да ыңғайлы, мағынасын тез түсініп аласың. Өте үлкен мән-мағынаға толы, түсінікті тілде жазылғандықтан, бірден қағып алу өте оңай, әрбір өлеңінде астар, мағына жатыр.
Мұқағали Мақатаев – ХХ ғасырдың 60 – 70-жылдарындағы қазақ поэзиясының жарқын бейнесі. Ақын әдебиетке бұрын-соңды жоқ стиль әкелді, өлеңдері өткір, ақиқатқа толы болды. Шығармашылық ортада оны көпшілік жиі түсіне бермегені бүгінгі естеліктерде талай айтылып жүр. Мұқағали Мақатаевқа атақ-даңқ дүниеден озғаннан кейін келді. Еңбегі қазақ поэзиясының алтын қоры құрамында. Қазір бас қалада Мақатаев атындағы көше бар, жақында мектепке де есімі берілді.
Гүлшат Байтас, Нұр-Сұлтан қаласы №74 мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы:
- 2021 жылғы мектебімізге Қазақстан Үкіметінің қаулысы негізінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі берілді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, өйткені мектебіміз гимназия бағытында болғандықтан, оқушылардың ақынның өміріне, әдебиетіне, шығармашылығына деген сүйіспеншілік, қызығушылық көп. Қазіргі таңда «Мұқағали әлемі» деген шығармашылық орталық ашу жоспарлануда.
Ал Елордадағы ұлттық академиялық кітапханада Мұқағали Мақатаев атындағы мәжіліс залы жұмыс істеп тұр. Қалаған жан ақын жайлы қажет мәліметті таба алады.
Жарқынбек Жұмаділұлы, Ұлттық академиялық кітапханадағы жастар орталығының жетекшісі:
- Бұл залда ол кісінің кітаптары мен еңбектері түгел электронды түрде сақталған. QR-код арқылы шығармаларын еркін оқуға болады. Зал ақын шығармашылығына арналғандықтан, Мұқағали атамыздың еңбектерін насихаттауда түрлі кештер ұйымдастырылып тұрады. Бұл – әдеби кешке арналып жасалған зал.
Өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік мұзбалақ ақынның рухани мұрасы оның есімін көкке көтерді. Көзі тірісінде бүгін 91 жасқа толар еді.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Еңсебаев