Алматыда «Маша мен Дударай» фильмінің тұсаукесері өтті
Елге танымал актерлер ойнайтын отындық кинотуынды Алматы мен Түркістанның көрікті жерлерінде түсіріліпті. Оған Tiger Films продюсерлік орталығы қолдау көрсетті.
«Дударай» әнінде орыс қызы Мария мен қазақ жігіті Дүйсеннің арасындағы махаббат сезімі айтылады. Әннің авторы ақын Үлебай Әнетов екені кейінгі жылдары айтыла бастады. Фильмді түсірушілер осы махаббат тарихының бүгінгі заманғы көрінісін көрерменге ұсынады. Ал Марияның рөлін Марина Петлюха ойнайды.
Марина Петлюха, актриса:
- Бұл – менің кинодағы алғашқы басты рөлім. Кейіпкерім Алматыда тұрады. Бірақ ол – оңтүстік өңірдің тумасы. Қазақ тілін жетік білетін орыс қызы өнертанушы болып мұражайда жұмыс істейді. Ол Отанының нағыз патриоты, елі мен жерін сүйеді. Қалада Дүйсенмен танысып, артынан ғашық болады. Әрине, киноға түсу оңай болды деп айта алмаймын. Бірақ бір-бірімізді қолдадық. Көрермен көңілінен шығуға тырыстық.
Романтикалық жанрдағы фильмнің негізгі көріністері Алматы мен Түркістан қалаларының тарихи әрі көрікті жерлерінде түсірілді. Басты рөлдерде белгілі актерлер Тәуекел Мүсілім, Бақытжан Әлпейісов пен Алексей Воробьевтар бар.
Тәуекел Мүсілім, актер:
- Үлкен еңбек атқарылды. Марияның қазақша сөйлеп үйренуі, оның үстіне домбыра шертіп үйренуі. Соның бәрін 2 аптада үлгеруі керек. Сол себепті өте үлкен күш жұмсалды. Жалпы айта кететін болсақ, бұның барлығы Tiger Films продюсерлік орталығының бастауымен болып жатыр және биыл 2022 жылы 10 кино түсіріледі деген жоспарлары бар. Сол себептен сәттілік тілеймін.
Ал кинотуындыны шығаруға ұйытқы болған Tiger Films продюсерлік құрылымы Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясының негізінде былтыр құрылған еді. Мақсаты – толықметражды кино түсіріп, осы саланы дамыту.
Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов